Денис Теннің өліміне күдіктілердің біреуі ұсталды

Қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің өліміне күдіктілердің кім екені белгілі болды. Бүгін ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметі осындай ақпарат таратты, деп мәлімдейді ҚазАқпарат.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, күдіктілердің кім екені арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде анықталып отыр. Күдіктілердің бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Екінші күдіктіні ұстау бойынша тиісті іздестіру шаралары атқарылуда. Өзге ақпараттар тергеу жұмыстарына байланысты құпия болып отыр.

Айта кетейік, 19 шілде күні Алматыда Қазақстанға танымал спортшылардың бірі Денис Тен жамбасынан пышақтан жарақат алды. Дәрігерлер қаншама арпалысқанымен оның өмірін аман алып қала алмады. Денис Теннің қазасы бүкіл Қазақстанды дүрліктірген қайғылы оқиға болды. Елбасы танымал спортшының отбасына көңіл айтты.

Пікір қалдырыңыз