Ақтөбеде мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды қызметкері қамауға алынды

Ақтөбе қалалық сотында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қаржылық тергеу бөлімін басқарған Берікқали Мерейді екі айға қамауға санкция берді. Ірі көлемде пара алды деп айыпталған басшы тергеу жұмыстары аяқталғанша тергеу изоляторында болады.

Облыстық кірістер департаментінің лауазымды қызметкері «MAX GAS COMPANY» ЖШС-нің салықтық былықтарын анықтаған. Серіктестігінің шикілігін сотқа жеткізбей жауып тастау үшін ауызбастырық сұрайды.
2018 жылдың 11 шілдесінде кіріс департаментінің қызметкері қалалық балалар ауруханасының автотұрағында 1 миллион 700 мың теңге көлемінде сыйақы алу кезінде қолға түсті.

«Мерей аса ауыр қылмыстық істе күдікті болып танылғандықтан оның бой тасалау, лауазымын пайдаланып куәгерлерге қысым жасауы мүмкін екенін ескеріп, қылмыстық істің тергеу жұмыстары аяқталғанша екі айға күзетпен ұстауды сұраймын», — деді мемлекеттік айыпталушы Жәнібек Төребеков.

Судья Әділова прокурор ұсынысын заңды деп тауып, облыстық кірістер департаментінің лауазымды қызметкерін қамауға алды.

Пікір қалдырыңыз