Ақтөбе облысындағы ауыл дәрігері: Біздерге «Мерседеске» міну «Боингке» мінгенмен бірдей

Байғанин ауданының дәрігері жұмыс барысындағы қиындықтар туралы Aktobenews.kz тілшісіне айтып берді.

Медицина саласында 30 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан анестезиолог-рениматолог Серік Әділханов 90-шы жылдардағы қиындықтарды еске алды. Оның айтуынша, тәуелсіздік алған жылдары дәрігерлер ішетін ас таба алмағаннан басқа салаға кетіп қалған.

«Тәуелсіздік алған жылдары қиын болды. Медицина мамандары бизнес, мұнай саласына кетіп жатты. Бізде басқа мамандық аламыз деген ой мүлдем болмады. Қайткенде адамға араша боламыз деп білім алдық. Ол заманда партия қайда жібереді, сонда барамыз. Ал қазіргі дәрігерлер «пәтер бар ма?», «жағдай жасалған ба?» деп шарт қояды. Ол кезде ештеңе жоқ, жатақханада тұрғанға шүкіршілік ететін едік», — деп еске алады анестезиолог.

Серік Әділханов сол кездегі аштықты ешуақытта ұмытпайды. Дағдарыс жылдары дәрігерлер қатты қиналған. Онсыз да аз жалақыны ала алмай жүрген дәрігерлерге дүкендер де қарызға азық-түлік бермеген.

«Екінші сортты мерзімі өтіп кеткен ащы ұнды беретін. Оны қайдан тауып алатынын білмеймін. Әйелдеріміз соны илеп, вермишель қылып пісіреді. Ол қазіргі вермишель емес, ботқа болып кетеді. Күріштің қалдығы мен суға піспейтін ас бұршақ алатын едік. Оны жеу мүмкін емес. Балғамен ұрып, ұнтағанның өзінде піспейді. Базарға барсақ, азық-түлікті қарызға алғымыз келеді. Бірақ бермеді. Себебі біздің 3-4 айға дейін жалақысыз отыратынымызды олар да білді. «Дәрігерлердің айлықтары жоқ. Оларға неге бересіңдер?!» деп айтатын», — дейді дәрігер.

Ауыл аймақта жарықтың, жолдың болмауы дәрігерлерге қосымша кедергілер тудырған. Олар күрделі отаны жер үйдің ішінде жасай берген. Тіпті қан болмаса, дәрігерлер өз қандарын құйған. Ең басты мақсат – науқастың өмірін аман сақтап қалу.

Анестезиолог-рениматолог Серік Әділхановтың сөзінше, ауылдық аймақта әйелдер немесе тұрмысқа шықпай қалған келіншектер әке-шешесінен ауырып жүргендерін жасырады.

«Жатырдағы нәресте ерте ажырауы мүмкін. Сол кезде қан кетеді. Ол ауыр жұмыстан, күйзелістен болады. Шалғай ауылдарда болдық. Үйлерінде жарық жоқ. Үстелді дайындағанша, әйелдің қан қысымы түсіп кетеді. Қыстың кезінде үйде отын жоқ. Іші қара суық. Сондай бір жағдай 2016 жылы Қарауылкелдіден 350 шақырым жерде болды. Әйел ұзақ уақыт жасырып жүрген. Жолға түнде шықтық. Көктемде жол балшық. Жарты жолда Алтай деген дәрігерлік амбулаторияның бір көлігі бізге қосылып, жолды көрсетті. Кілең совет көліктерімен жүреміз. Доңғалағы жарылады. Сөйтіп, айдалада адаспай, әрең жеттік. Отаны сәтті жасадық. Ертеңгі күні сан-авиацияның дәрігерлері ұшып келді. Әйелмен бірге акушер-гинеколог және мен, анестезиолог қалаға ұштық. Өйткені өкпесінен аппаратты ажыратпауым керек болды. Үстім балшық-балшық болып, қаланың ауруханасына жеттік. Сол кезде қаланың дәрігерлері «боқ киіммен қайда бара жатырсың» деп ұрысады. Мен сол балшыққа еріккеннен батқан жоқпын. Қаланың дәрігерлері «Мерседес» көлігімен ауылға келгенде, ренжіп келеді. «Неге өздерің әкелмейсіңдер? Жол нашар, шаршадық» дейді олар. Біз УАЗикке мініп, балшыққа батып жүреміз. Біз «Мерседеске мінсек, «Боингке» мінгендей боламыз. Соған қарным ашады», — деп ағынан жарылды Байғанин ауданының дәрігері.

Пікір қалдырыңыз