Ақтөбеде жұмысшы өлімінен соң кен орнының қызметкері жазаланды

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да болған қайғылы оқиғаға кен орнының механигі Еркін Құрмашев кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданындағы кен орнында қайғылы жағдай тіркеліп, бір жұмысшы көз жұмды, біреуі ем қабылдады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, насосты тексерген екі жұмысшы улыгазға уланған. Оқиғаға байланысты тергеу жүріп, Мұғалжар аудандық соты Қылмыстық кодекстің «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бабы бойынша істі қарады.

Іс материалына сүйенсек, ақпанда вахталық әдіспен жұмысшылар ауысып, слесарь Дәулетқали Тұрғанов пен Сырлыбай Артықбаев жұмысқа кірісті. Екі жұмысшы аға механик Еркін Құрмашевтің тапсырмасы бойынша насостың қосалқы бөлшегін ауыстыруы тиіс болатын. Бірақ жұмыс кезінде олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеді. Сонда да екі жұмысшы «Жаңажол» кен орнындағы ұңғымаға келіп, насостың қосалқы бөлшектерін алмастырады. Кейін насостың жұмысын бақылап отырады. Сол кезде оқыстан қатты дыбыс шығады. Д.Тұрғанов пен С.Артықбаев өз бетімен шешім қабылдап, жағдайды дұрыстауға күш салады. Бұзылған насос орналасқан нысанға қайта кіріп, уланып қалады. Күкіртті сутекке уланған Д.Тұрғанов қаза болып, С.Артықбаев ем қабылдады.

Сот отырысы кезінде процесуалдық келісім жасалып, айыпталушы Еркін Құрмашев кінәсін толық мойындады. Сот шешімімен айыпты деп танылып, 2 жыл бос бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Пікір қалдырыңыз