Ақтөбелік дәрігерлер науқастың диагнозын смартфоннан қарай алады

Ақтөбе медициналық орталығы ем жүргізуде жоғары мүмкіндіктерге ие болды. Рентген, компьютерлік, магниттік томографиядан өткен науқастың диагнозын дәрігерлер сол сәтте смартфондарынан қарай алады. Өңір мамандарына мұндай мүмкіндікке корейлік дәрігерлердің қолдауымен қол жеткізген.

«Пуссан ұлттық университетімен Ақтөбе облысының әкімдігі меморандумға қол қойған болатын. Осы бойынша қазірдің өзінде бірталай жұмыстар жасалды. Оңтүстік Кореяның Пусан ұлттық университетімен тікелей байланыс жасайтын телемедициналық құрылғыны қондырып, тікелей байланыста жұмыс жасап жатырмыз. Қондырғы кореялық мамандардың қаржысымен қойылды. Осы жобаны Ақтөбеде жүзеге асыру үшін Оңтүстік Корея үкіметі тарарынан 4 млн. долларға жуық қаражат бөлінді. Ал PACS жүйесін орнатуға 500 мың доллардай қаражат бөліп жатыр. Бұл қаражаттың бәрі Оңтүстік Корея есебінен жіберіліп, біз осы құрылғыны пайдалануға мүмкіндіктер алып жатырмыз», — дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Бас дәрігер медицинаның сандық жүйеге көшуі уақытты үнемдеу мен емдеу сапасын артатынына сенімді.

«Негізгі мақсат — медицина саласындағы тәжірибе алмасу, байланыс жасау. Сонымен қатар, өңірдегі медицина саласын сандық жүйеге көшіру. Аппарат рентген, компьютерлік томография, магниттік томография секілді диагностикалық шараларды электронды түрде жүргізуге толық мүмкіндік береді. Диагностикалық тексерістерді дәрігерлер енді бірден смартфоннан, компьютерден көруге мүмкіндік алады. Күрделі ауруларға диагностика жасап, оларға күрделі емдерді жасауға қол жеткіздік», — дейді Әсет Қалиев.

Пікір қалдырыңыз