Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары тергеу аяқталғанша қамауда отырады

Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары Алтай Аңшыбаев тергеу аяқталғанша қамауда отырады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары Алтай Аңшыбаев құқық қорғау органының шаруашылық жұмыстарына жауапты болды. Лауазымды қызметкер ІІД жеке қауіпсіздік басқармасының тексеру жұмыстары кезінде ұсталып, іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюроның облыстық департаментіне тапсырылды. Ал бүгін кешкілік сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Тергеу материалына сүйенсек, 2014 жылы Ақтөбе қалалық ІІБ, Елек полиция бөлімінде орналасқан көлік жөндеу шеберханасынан жөндеуді қажет ететін ақаулар анықталады. Ақтөбе облыстық ІІД мен жобалау компаниясы арасында 23 миллион 315 мың теңгеден астам қаржыны құрайтын жоба дайындалады. Бұл қаржы терезе алмастыру, қоршау, электр монтажтау, сантехникалық жұмыстар арналған. 2015 жылдың тамыз айында мемлекеттік сарапшылар қорытынды берді.

2016 жылдың наурыз айында сол кездегі облыстық ІІД бастығы Махсудхан Аблазимовтың бұйрығымен байқау жарияланып, облыстық ІІД бастығының орынбасары комиссия құрамында болды.

Алтай Аңшыбаев пен «Лашын» ЖШC-нің директоры Шадиннің арасында 18,4 миллион теңгенің келісімшартына қол қойылады. 2016 жылдың шілде айында құрылыс-жөндеу жұмыстарын қабылдап алуға комиссия құрылып, Алтай Аңшыбаев төрағасы болады. Бәрін қабылдап, актіге қол қойып жіберген. Ал тергеу күрделі жөндеу жұмыстары кезінде 6 миллион 140 мың теңгенің жұмысы атқарылмай қалғаны анықтап отыр.

Екінші эпизодта Заречный полиция бөлімінің терезесін ауыстырып, шатырын жөндеуге, электр монтаждау, сантехникалық жұмыстарға 7 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Жөндеу жұмыстары аяқталмай Алтай Аңшыбаев актке қол қойып, қабылдау жұмыстарын жүргізген.

Үшінші эпизодта Елек полиция бөліміне жөндеу жүргізуге 10,1 миллион теңге бөлінеді. Облыстық ІІД бастығының орынбасары Алтай Аңшыбаев 1,6 миллион теңгенің жұмысы атқарылмағанына қарамастан қабылдау актісіне қол қояды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаменті 4 және 15 мамыр күндері Елек полиция бөліміндегі көлік жөндеу шеберханасына, Елек және Заречный полиция бөлімдерінің ғимаратын жөндеуге қатысты қылмыстық істі бірыңғай ресстрге тіркейді. Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Алтай Аңшыбаев 15 мамыр күні күдікті деп танылып, 17:15-те ұсталды. 6 мамыр күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюроның қызметкерлері оны ведомствоның әкімшілік ғимаратына жеткізді. Ол жауап беруден бас тартты. 10 мамыр күні жауап алуға шақырылды, бірақ келмеді. Ол 9 май күні қаладан шығып, Орал қаласында ем қабылдап жүрген. Судья А. Әділова күдікті Алтай Аңшыбаевты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялап, 2 ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, күдіктінің кәмелетке толмаған 4 баласы бар. Өзі бауыр циррозына шалдығып, операция жасатқан, ем алып жүр. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сүйенсек, күдіктінің өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Ол уақытша тергеу изоляторындағы медициналық қызметкердің бақылауына алынады.

Пікір қалдырыңыз