Облыстың бас имамы ақтөбеліктерді жаңа медресе құрылысына демеуші болуға шақырды

«Батыс-3» ауданынан бой көтеретін жаңа медресе құрылысы биыл басталғалы тұр. Облыстың өкіл имамы ақтөбеліктерді рамазан айында жақсылық жасауға шақырады.

«2017 жылдың соңында Ақтөбе медресе колледжінің әлеуетін арттыру мақсатында «Батыс» ауданынан 5 гектар жер бөлінді. Қазіргі таңда осы орталықтың жаңа ғимаратын салуға кірісіп жатырмыз. Құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарланған. Осыған орай Рамазан айында медресенің жаңа ғимаратын салуға жерлестерімізді демеушілік жасауға шақырамыз. Қазіргі уақытта тілек білдіріп жатқан демеушілер жоқ емес. Мешіттерде оған бөлек жәшік қойылмайды. Алдағы уақытта есепшот ашып, оны тарататын боламыз. Білім жолында берілген садақаның сауабы сол ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, түгесілмейінше таусылмайды», — деді облыстың бас имамы Төлеби Оспан.

Имам осыған дейін облыста бой көтерген 67 мешіттің тек ақтөбеліктердің қаржысына салынған атады.

«Ақтөбеде 67 мешіт бар болса, олардың барлығы жергілікті кәсіпкерлердің, халықтың қаражатына тұрғызылған. Ақтөбедегі бірде бір мешіт шетелдік демеушілердің көмегімен салынған емес. Жаңа діни орталықтың құрылысына да ақтөбеліктердің қалыс қалмайтынына сенеміз. Оқу орталығын кешенді ғимарат етіп салу жоспарланған. Медресе жанында «Дәстүр үйі», сауда орталығы, имамдар мен ұстаздарға арналған коммуналдық баспана және медресе жатақханасы, оқу корпусын салу жоспарланған», — дейді имам.

Рамазан айында облыс бойынша 10 мешітте Құран хатым түсіріледі. Құран хатым түсіруге Түркиядан бір қари шақырылған. Ал қалған тоғызы өзіміздің азаматтар. Оның ішінде жергілікті құран жаттаған қариларымыз да бар.

Пікір қалдырыңыз