«Рухани жаңғыру»: Астанада Ақтөбенің киелі жерлері таныстырылады

Астанада «Батыс жауһарлары» республикалық көрмесі өтеді. Онда «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының 2-томының тұсаукесері өтеді. Жинақта Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының қасиетті орындары туралы кеңінен ақпарат бар, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық музейде «Батыс жауһарлары» көрмесі өтеді. Көрме кезінде Қазақстанның киелі жерлері географиясына енген нысандар таныстырылады. Бұл тізімге Ақтөбеден 10 киелі жер енгізілген болатын. Олар: Жаманшың кратері, Абат Байтақ, Есет батыр, Есет Көтібар, Қобыланды батыр, Исатай батыр кесенелері мен Хон моласы, Ойсылқара қорымы, Досжан Ишан мешіті, Бопай ханым қорымы.

«Батыс өңірлерінің қасиетті жерлеріне, тұлғаларына байланысты тарихи-мәдени мұраларын насихаттау, жаңа жинақталған және жүйеленген мағлұматтарды ғылыми айналымға енгізу, «Батыс жауһарлары» көрмесіндегі жәдігерлерді туристерді тартуда белсенді пайдалану мақсаты көзделді. «Батыс жауһарлары» көрмесі экспозиция мазмұнына сай 4 тақырыпқа бөлінген. Олар: археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтарға қатысты жәдігерлер, діни және ғибадат орындарына қатысты жәдігерлер, тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті жәдігерлер және саяси, тарихи оқиғаларға байланысты жәдігерлер», — деп хабарлады ұйымдастыру комитеті.

Пікір қалдырыңыз