Сарапшы: Ақтөбеде мінген адам ажал құшуы мүмкін 20-ға жуық жеделсаты бар

Ақтөбелік журналист Айзат Әбдісаматтың лифтіде жан тапсырған қайғылы оқиғасынан кейін қаладағы барлық жеделсатыларға тексеріс жүргізілген болатын.

Сарапшылар тексеріс қорытындысын хабарлады.
Мамандар қаладағы 300-ге тарта жеделсатының 149-ның жұмысын тоқтатқан.

«Тексерілген 249 лифтінің ішінде қазіргі таңда 149-ы ауыстыруға жатады, қалған 18-і әрі қарай жұмыс жасауға жарамсыз. Ереже бойынша, қалғандарын ауыстыру керек болады. Бекітілген комиссия қаладағы 300-ге тарта жеделсатыны тексерді. Ең бірінші 25 жылдан асып кеткен тұрғын үй жеделсатылары тексерілді. Тексерілген нысандардың ішінде 264-інің техникалық тексерістен өтпегені анықталса, 113-інің техникалық төлқұжаты жоқ», — дейді қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Хайдар Ермашев.

Биыл өңірде жеделсатыларды жөндеуге жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге бөлінген. Оған 6 жеделсаты жөнделеді екен. Ал қаладағы барлық жеделсатыны қалыпқа келтіру үшін 2 млрд теңге қажет.

Пікір қалдырыңыз