Сапарбаев баспаналы болған жас отбасыларға демографияға үлес қосуды тапсырды

Облыс басшысы тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражат жинаған отбасыларға баспана кілтін табыстады. Банк баспана ақысының 30 пайызынан астам қаржысын жинап қойған 311 салымшыға пәтер кілтін берген. Отыздан аса отбасы жаңа пәтердің кілтін облыс әкімінің қолынан алды.

«Әр отбасы үшін баспананың маңызы жоғары. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар. 27 жыл ішінде әр қазақты баспаналы етеміз деген елбасы сөзін күнделікті өмірде көріп жүрсіздер. Осыдан бір жыл бұрын мына жердің шаңы шығып жатты. Бұл жерге үй салынады деп ешкім ойлаған жоқ. Қазірдің өзінде мұнда мыңға жуық пәтер салынды. Үйлеріңізден тек кішкентай балалардың күлкісі кетпесін. Біздің мақсатымыз әрбір ақтөбеліктің баспаналы болуына жағдай жасау», — деді облыс басшысы.

Отыз ақтөбелік тұрғын облыс әкімінің қолынан баспана кілтін алды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданынан 2 бөлмелі пәтер алдым. Баспана қаржысының 30 пайызынан астамын жинаған болатынбыз. Бүгінгі қуанышымызда шек жоқ. Мен ел басқарған ағаларға алғыс айтамын», — дейді Гүлсім Ульянова.

Облыс басшысы сөз сөйлеген жас отбасыларға демографиялық ахуалды реттеу үшін бала санын көбейту керектігін айтты.

Ақтөбеде тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 2 152 пәтер пайдалануға берілді. Бұдан бөлек жыл соңына дейін тағы 1 655 пәтер табысталады.

Пікір қалдырыңыз