Кезінде дорба арқалап, отбасыларын асыраған әйелдерге ескерткіш қою керек — «Атамекен» палатасының өкілі

Кезінде дорба арқалап, отбасыларын асыраған әйедерге ескерткіш қойса артық болмайды. Бұл туралы бүгін Ақтөбеде Әлеуметтік кәсіпкерлік форумында «Атамекен» палатасының өкілі Эльдар Жұмағазиев хабарлады.

«Кезінде әйелдер Қытайға барып зат тасыды. Бұл кезеңді ешуақытта ұмытуға болмайды. Бұл да бір бизнестің өтпелі кезеңі шығар», — деді ол өз баяндамасында.

Сонымен бірге, Эльдар Жұмағазиев Қазақстанның бір өңірінде жасы 70-тердің шамасындағы апайдың кәсіпкерлік курсында білім алғанын жеткізді.

«Апай тіпті компьютермен емес, қаламмен жазады. Бірақ, сабаққа белсенді қатысты. Кейін тіпті шаруасын дөңгелетіп әкетті», — деді ол.

Өз кезегінде, облыс басшысы Бердібек Сапарбаев өңірде кәсіпкер әйелдердің белсенді екенін айта келе, бірқатар әлеуметтік нысандарды салып беріп жатқан ер азаматтарды да ұмытпау керектігін тілге тиек етті.

Өңір басшысы Жекпе-жек сарайы, Хоккей модулі, музей, Жұбановтар әлемі орталығы, т.б. басқа нысандар салынғанын айтты. Сонымен бірге, әлеуметтік кәсіпкерлікті жүзеге асырып жүргендер қатарында Исламбек Салжанов, Шамиль Каспранов, Аркадий Ни, Нұрлан Сағыналин деген азаматтар бар екенін атап өтті.

Пікір қалдырыңыз