Ақтөбе қалалық спорт бөлімінің басшысы Гончаров Қазақстандағы әділетсіз төрелікке күйініп отыр

«Шетелдік сайыстарда спортшыларымызға бөгет қойып жатса, ашуымыз келеді, бірақ өз жерімізде де әділетсіз шешім шығарып жатамыз», — деді Евгений Гончаров өзінің инстаграм парақшасында. Ол Жекпе-жек федерациясын айыптап отыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«62 келі салмақ дәрежесіне дейін Сергей Морозов Бекзат Елмаханға қарсы шықты. Бекзат алғашқы және үшінші раундта таза жеңілді. Оның үстіне жекпе-жек әуесқойлар ережесімен өтті, яғни партерде бір минут берілуі керек еді. Бірақ Морозовқа толығымен күресуге мүмкіндік берілмеді. Сөйтіп, жеңісті Бекзатқа табыстады. Қазір интернетте Бекзаттың жеңісіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. ММА-ге жаңадан келген жас спортшыға айқай-шумен алынған жеңіс керек емес деп ойлаймын», — деді гір тасын көтеруден 25 дүркін Қазақстан чемпионы Гончаров.

Оның айтуынша, тек таза бақталастық пен әділдік бар жерде ғана спорт дамиды.

«Былтыр Ақтөбеден үш Әлем чемпионы шықты. Жекпе-жек федерациясын жеке адамдардың қалауын орындайтын емес, аралас жекпе-жекті дамытуды мақсат еткен ұйым деп есептеген едік», — дейді қалалық спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров.

Пікір қалдырыңыз