Бүгін ақтөбеліктер Мәңгілік алау мен Әлия ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, «Мәңгі өлмес полкпен» жүріп өтті

Бүгін Ақтөбеде Жеңіс күніне орай бірнеше шара өтіп жатыр. Таңертең облыс басшысы Мәңгілік алаудың жанында ардагерлермен кзедесті. Гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен қатысушыларының рухына тағзым етті. Шара Әлия Молдағұлова ескерткішінің алдында жалғасты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ескертіш маңына жиналғандар бір минут үнсіздік жариялап, жауынгерлерді еске алды. Облыстағы мекеме ұжымдары гүл шоқтарын қойып шықты.

Ал, облыстық әкімдік алаңында Мәңгі өлмес полк шеруіне жиналғандар саны аз болмады. Жүздеген тұрғын қолдарына аталарының портреттерін алып, шеруге шығуға келген.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев баршаны бүгінгі мерекемен құттықтап, бұл күннің маңызын тағы бір түсіндіріп өтті. Елден, өңірден қанша боздақ майданға аттанғанын, қаншасы оралмағанын айтып өтті. Күні кеше Ржевте қазақ жауынгерлеріне арналған ескерткіштің ашылу салтанатына барғандарын тілге тиек етті.

«Соғысқа Ақтөбе облысынан 120 мыңға жуық адам қатысқан. Оның жартысы елге оралмады», — деді облыс басшысы.

Облыстағы әскери оқу орындарының курсанттары бастап, ізінше, қолдарына портреттер ұстаған қала тұрғындары мен қонақтары шеруге қатысты. Шеру кезінде театрландырылған көріністер де болды.

Айта кетейік, қалада бүгінде бірнеше жерде мерекелік шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Пікір қалдырыңыз