Ақтөбе мешітінің 50 шәкірті тоғыз айлық сауат ашу курсын тәмамдады


Ақтөбе мешітінде әйелдерге арналған тоғыз айлық діни сауат ашу курсының жұмысы қорытындыланды. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен қалалық орталық мешітте шәкірттерден емтихан алынды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі облыстық мешіттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мешіт ұстазы Диляром Бектаева «Иман негіздері», «Ислам шарттары» және Құран-тәжуидтен, ал ұстаз Кенжегүл Қошқарова «Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірі» пәнінен сынақ алды. Ұстаздар арнайы тест сұрақтары мен тапсырмаларды әзірлеп, шәкірттердің жыл бойына алған білімдерін таразылады. Нәтижесінде курстың белгілі бір пәндеріне ғана қатысып, сауат ашқан шәкірттерге өкіл имамның атынан Алғыс хаттар табысталды. Ал тоғыз айлық курсты толық меңгергендер Мадақтамалармен марапатталды.

Сонымен қатар, Құранның 30-парасын толық жаттап, қазақша мағынасымен қатар үйренгендерге «Қасиетті Құранның қазақша түсіндірмесі» сыйға тарту етілсе, Құранға жаңадан түскен шәкірттерге Бахрайн Құрандары үлестірілді. Осылайша мешіттен сауат ашқан жалпы саны 50 шәкіртке марапат ұсынылып, ұстаздары оларға ыстық лебіздерін арнады. Білім атты бітпес қазынаның кілті бұйырып, ілімдерің артсын деген ізгі тілектерін жеткізді.

Пікір қалдырыңыз