Ақтөбеде діни қайраткерлер мен діни нысандар түгенделді


Ақтөбедегі «Руханият» музейі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында діни қайраткерлер мен діни нысандарға арналған ғылыми конференция өткізді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық конференция өтті. Діни қайраткерлердің өмірі мен еңбек жолын жас ұрпаққа танытуға бағытталған жиынға тарихшылар мен философтар, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.

«Құнанбай қажымен бірге Мәдинаға қажылыққа барған Досжан ишанды ерекше айтуға болады. Көптеген діни қайраткерлер Ақтөбеде туып, еңбек еткен. Олардың арасында Бисен Абдоллаұлы, Рахманқұл ишан, Ізтілеу ишан, Жұмағұл хазірет, Кәсімберген хазірет, Қимаметдион имам бар. Діни қайраткерлердің өмір жолы мен еңбегі ислам дінінің негізін түсінуге септігін тигізеді», — деді Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан.

Конференция кезінде Қобда ауданының Жарық ауылында дүниеге келген Бисен Абдоллаұлы туралы айтылды. Ол 15 жасында Бұхарадағы медіреседе сауат ашып, Түркияда оқуын жалғастырады. Теология ілімін меңгерген соң елге оралып, мешіт салған. Кейін халық жауы атанып, 20 жылға Сібірге айдалған. Арада ұзық жыл өткен соң елге оралады.

«Ол парапсихологиялық білімді егжей-тегжей зерттеп, біліп, өзінің еліне келіп, ұрпақ тәрбиеледі. Дегенмен біз әлі күнге дейін оның адам баласының жан дүниесін зерттейтін ілімдерін жоғары оқу орындарына бере алмай отырмыз. Мәселен, Шәкәрімнің «Үш анық» кітабы Франция кітапханасында сақталған. Негізі Бисен Абдоллаұлы парапсихологиялық ғылымды араб оқымыстыларынан алды. Қазіргі кезде біз студенттерге діни қайраткерлер қалдырған құнды дүниенің тек шет жағасын жеткіздік. Мәселен, бізде ұлттық тәрбие күн сайын жоғалып барады. Тілді білеміз, сырт бейнеміз мұсылман сияқты, ішкі дүниеміз ше? Ал Бисен хазірет осы ғылымды меңгеріп, 16 жыл бала тәрбиеледі», — деді профессор Айсұлу Тасимова.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 7 мыңға жуық адам қуғын-сүргінге ұшырады. Басым бөлігі ақталып, 329 адамның қылмыстық ісі сол күйінде қалды. Ұсталғандардың 25,5 пайызы ату жазасына кесіліп, өзгесі түрмеге қамалды.

Пікір қалдырыңыз