Тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік миссиясына қатысқан ақтөбелік полицей марапатталды


Ақтөбелік тәртіп сақшысы тәжік-ауған шекарасына қазақстандық бітімгерлік батальонының кіргеніне 25 жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Серік Қолғанатов Астана қаласында ауған–тәжік шекарасында қаза тапқан қазақстандық сарбаздарды еске алуға арналған салтанатты шараға қатысып, ерлікпен қаза болған сарбаздар рухына тағзым етті. Серік Сейітжанұлы әскери міндетін атқарған жылдары 1996 жылдың қаңтар айынан сәуір айына дейін 13-ші рота құрамында тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатысып, бітімгер ретінде Отан алдындағы парызын өтеген.

«Түннің бір уағында шекара бұзып өтпек болған бүлікшілерге тосқауыл қоймақ болып, қасындағы жолдастарымен бірге жедел қимылдап, қырағылық таныттық. Сол үшін «үздік шекарашы» деген төсбелгі және құрмет грамотасымен марапатталдық. Біздің ротадан адам шығыны болған жоқ. Елге аман оралдық», — деді Серік Қолғанатов.

Оның ішкі істер органы саласына келгеніне биыл 10 жылдан асты. Еңбек жолын криминалист болып бастаған. Қазір полиция майоры. ҚР ІІМ Құрмет грамотасымен марапатталған. Жуырда Ақтөбе облысы ІІД қызметкерлері арасында өткен «Үздік полицей» байқауында көзге түсіп, бірінші орынды иеленді.

«Бала кезімнен тәртіп сақшысы болуды армандадым. Жұмысқа тұрарда үш жыл стажировкадан өттім. Мен өз мамандығымды мақтан етемін. Біз өзіміздің кешегі жүріп өткен жолымызды, Отан үшін от кешуге даяр болған кездерімізді және ел тыныштығы мен бейбіт өмір үшін жанын пида еткен сарбаздарымызды ешқашан ұмытпауымыз керек», — дейді ол.

1993- 1999 жылдар аралығында еліміздің Ішкі әскері жедел мақсаттағы бөлімінің 2 мыңнан астам жауынгері мен офицері тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік міндеттерін орындады. Сарбаздар ТМД шекарасының оңтүстік шебін, Ауғанстанмен шектесетін ең ауыр және қиын учаскенің тыныштығын күзетті.

Олардың басты мақсаты тәжік-ауған шекарасындағы ахуалды ретке келтіру болды. Сонымен қатар, гуманитарлық көмек тауарларының және босқындардың қауіпсіз жетуін қадағалау, маңызды нысандарды қорғау еді.

Ең жойқын қақтығыс 1995 жылы Памир тауларындағы Пшихавр шатқалында болды. Сол жерде содырлармен болған атыста 17 қазақстандық жігіт қаза тауып, 33-і түрлі жарақат алған болатын. Старшина Қалқаман Бақбаев, сержант Радик Қаймулдиев, кіші сержант Әлихан Өгізбаев, қатардағы жауынгерлер Ержан Әбдиев, Ержан Байғабысов, Еркін Байғабылов, Ербол Бекебаев, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомадин Жұматов, Қанат Едырышев, Ербол Исабаев, Еркебұлан Мақажанов, Михаил Мартыненко, Анатолий Мешков, Дастан Нұрметов, Таһир Райымжановты қазақстандықтар ешқашан ұмытпайды. Олардың бәрі де ерлікпен қаза тапқаннан кейін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Ақтөбе облысында тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатысқан 250-ге жуық ардагер бар. ҚР Тәжік-ауған ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі құрылған. Ақтөбеде филиалы бар.

Айдос Мұратұлы, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз