Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ондаған нысан салынады


Елімізде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заңындағы қосымша актілерге өзгертулер енгізілді. Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының ұсынысына сәйкес өзгертулер енгізіліп, 6 сәуірден бастап күшіне енді. Жаңа мүмкіндік туралы Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Мұқанов Нұрлыбек Бекболатұлы әңгімелейді.

Нұрлыбек Бекболатұлы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңдағы қабылданған өзгерістер туралы айтып берсеңіз…

Заңнамаға өзгертулер енгізудің негізгі мақсаты – «бағдарламалық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» бағдарламасын енгізу және оның ұзақ мерзімділігі, жүргізілетін рәсімдерді оңтайландыру. Мысалы, жобаларды жүзеге асыру процесі енді бұрынғыдай бес емес, үш кезең бойынша жүргізіледі. Олар: инвестициялық ұсынысты сараптау, конкурс өткізу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшартын жасасу. Яғни, бұрынғыдай Концепция жасау талап етілмейді. Сонымен қатар, МЖС келісімшартының сараптамасы мен жобаның концепциясы сынды тармақтар алынып тасталды. Осының нәтижесінде жобаларды дайындау мерзімі жеті айдан үш айға дейін қысқарды. МЖӘ аясындағы жобаны жүзеге асыру кезінде өндірілетін тауарлардың, жұмыс пен қызметтің белгілі бір көлемін, ауқымын мемлекет тұтынуға кепілдік береді. Келісімшартты одан әрі ұзартуға да болады. Ал «Бағдарламалық МЖӘ» енгізу кезінде жеңілдік қарастырылған. Инвесторлар ұзақ мерзімге жоспар жасай алады.

Әріптестікте тәуекелдерді реттеу механизмі қарастырылған ба?

МЖӘ жобаларын валюталық тұрғыда жүзеге асыру кезінде валюталық тәуекелдерді реттеу және МЖӘ келісімшартын мерзімінен бұрын тоқтату тараптарының шығындарды өтеу тәртібі бекітілген.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының МЖӘ тетігін іске асырудағы қызметі қандай?

Ұлттық Кәсіпкерлік Палатасы сәтті жүзеге асырылған жобаларын туралы ақпарат таратып отырады. Әрі әріптестік ауқымын кеңейтіп, ҚР заңдылықтарын жетілдіруге үлес қосады.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қандай жобалар іске асырылып жатыр?

Облыста бүгінде 128 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 74 жоба бойынша келісімшарт жасалып, 29 жоба бойынша конкурс жарияланды. Ал 25 жоба бойынша жоспар жасалды. Олардың ішінде жедел және жедел медициналық көмек орталығы, алпыс керуетке арналған офтальмологиялық аурухана, 2500 орындық мұз сарайы сынды бірнеше жобаны ерекше атауға болады. Жобалардың екеуі шетел инвесторларының қатысуымен іске асырылып жатыр. Мысалы, қалалық медициналық көмек орталығының құрылысы үшін түрік инвесторлары 4 миллиард теңге көлемінде қаржы аударды. Бұл қаржы алдағы жеті жылда бюджет есебінен өндіріледі. Чехиялық инвесторлардың («Н+Н TECHNIKA» компаниясы) қаржыландыруымен Ақтөбе қаласында мұз сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұлардың барлығы — өңіріміздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының сәтті жүзеге асырылып жатқанының көрінісі.

Пікір қалдырыңыз