Ақтөбеде медицина университетіне студенттер жатақханасы қажет


Ақтөбеде жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастар жатақханамен қамтамасыз етілген. Тек Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 500 студентіне тұратын орын қажет, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша 6 жоғары оқу орнында 22 мыңнан астам студент білім алады. Оның бірі әскери, екіншісі полиция қызметкерлерін дайындайтын білім ордасы. Бұл екеуінде режимдік тәртіп болған соң, бәріне жатын орын қарастырылған. Ал Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлкеттік университеті таяуда 500 орынды жатақхананы қолданысқа береді. Бұл студенттердің сұранысын 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жоба.

«Қазіргі күні студенттер арасында сауалнама жүргізілді. Жатақхана Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне қажет. Онда 500 орынды жатақханаға сұраныс бар. Білім және ғылым министрлігіне тиісті құжаттар берілді. Президенттің бес әлеуметтік бастамасында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету тапсырмасы берілген болатын. Қазір өтінімдер жиналып жатыр. Медициналық университетте жер мәселесі шешілді. Енді қаржыландыру жағы қарастырылады. Алдымен жобалық-сметалық құжаты әзірленеді», — деді Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Айта кетейік, облыста 44 колледж бар. Барлығы 24 жатақханада 2 мыңға жуық студент орналастырылған. Әлі 500-ге жуық студентке жатақхана қажет. Қазіргі кезде облыстық білім басқармасы колледж директорларымен бірге талдау жүргізіп жатыр.

Пікір қалдырыңыз