Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына жаңа имам тағайындалды

Діни ахуалы тұрақты өңірге Бас Мүфтидің бұйрығымен имамдық қызметке Сұңғат Саметов бекітілді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев жамағатқа жаңадан бас имам Сұңғат Саметов пен наиб имам Дүйсенбек Еренбектің бұйрығын таныстырып, олардың алдағы жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.

Осы уақытқа дейін бас имамдық қызметті атқарып келген Бауыржан Шекпеновке өкілдіктің және барша мешіт жамағаты атынан алғыс білдіріп, қазақы ілтипатпен иығына шапан жапты. Жамағаттағы ақсақалдар да батасын беріп, ақ жол тіледі.

«Астана медресесі» колледжінің түлегі Сұңғат Саметов бұған дейін Әйтеке би аудандық орталық мешіттің наиб имамы қызметін абыроймен атқарып келді.

Семей өңірінің тумасы діни білім алу кезеңінде тәжірибеден «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінен өткен болатын.

Пікір қалдырыңыз