Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында алтын кенінің мөлшері анықталды

Ақтөбедегі пайдалы қазбаларды зерттеу, кен орындарының қорын анықтау жұмысы үздізсіз жүргізіледі. «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаменті Мұғалжар ауданындағы алтын қорының мөлшерін анықтады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаменті өткен жылы Мұғалжар ауданындағы Ұйымшыл және Шот аймақтарында бағалы металл, түсті металл мен сирек кездесетін металдарды анықталды. Олардың қатарында, атап айтқанда, алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын мен никель бар.

«Болжаммен 5 тонна алтын мөлшеріндегі перспективті аудан анықталды. Бағалы металл, сирек және өте сирек кездесетін элементтерді, алтынды іздеу жұмыстарын жалғастыруға кеңестер берілді. Үйтас пен Текелдітау құрылымдарының кіріккен шегінде алтыны көп объектілер қатары белгіленіп көрсетілді», — деді «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің басшысы Азат Ерімбетов.

Айта кетейік, қазіргі кезде Әйтеке би ауданының Әйке ауылын маңында мысты, Талдысай гранит алабында тантал-ниобийді, Ырғыз даласында сирек кездесетін металл мен Мұғалжардың Біршоғыр алабынан мыс іздеу, барлау жұмысы жалғасып жатыр. Өткен жылы барлау жұмыстарына барлығы 2,2 миллиард теңге жұмсалды. Геологиялық барлау жұмысы 42 нысан бойынша жүргізілді.

Геологиялық картаға түсіру, қатты пайдалы қазбаларды іздеу жұмыстарына басымдық беріліп, жерасты суларына мониторинг жасалды. Сонымен қатар, мұнай қоры таусылған Қаратөбе кен орнындағы ұңғымалар консервацияланды.

фото: fb.ru

Пікір қалдырыңыз