«Бақытты бала»: Ақтөбеде спорт алаңдары мен сауықтыру кешендері салынады


Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы аясында орта білім беру орындарында 77 спорт алаңы салынады. Сонымен қатар, аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүреді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Бақытты бала» жобасы аясында әрбір мекеме, адам өз үлесін қосады. Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, Алға, Әйтеке би аудандарында спорт алаңы салынады. Ал Әйтеке би ауданында жекпе-жек залы, Байғанин ауданында шағын футболға арналған спорт алаңы бойы көтереді. Мәртөк ауданында хоккей алаңы мен №3 орта мектеп жанынан теннис корты салынады.

«Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында үш, Ембі қаласында бір спорт алаңы бой көтереді. Темір қаласында хоккей кортын, Қайыңды ауылына спорт алаңын салу жоспарда бар. Ойылдың Қараой аулында шағын футбол алаңы салынады. Қобдада дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүреді. Мұндай құрылыс жұмыстары Хромтау, Шалқар аудандарында, Ақтөбе қаласында басталады. Ақтөбе қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан Мұз сарайы пайдалануға беріліп, Теннис орталығы іске қосылады. Ақтөбе қалалық ұлттық ат спорты түрлері бойынша балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде мүгедек балалардың еміне арнап жабық манеж бой көтереді», — деп хабарлады облыстық басқарманың баспасөз қызметкері Сара Амангелдіқызы.

Биыл ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасы балалары Астана қаласына саяхаттап барады. Тіпті, РФ Қазан қаласында өтетін футболдан әлем чемпионатын тамашалауға жасөспірімдер жіберіледі. Жыл ішінде шайбалы хоккей, тоғызқұмалақ, шағын футбол, қазақ күресі секілді бірнеше спорт түрінен облыстық жарыстар ұйымдастырылып, балалардың жазғы демалысы ұйымдастырылады. «Бақытты бала» жобасы аясында спортта жетістікке жеткен балалар мен жасөспірімдердің ата-аналары да марапатталады.

Айта кетейік, балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы үшін мектептер мен спорт кешендеріне құны 64,8 миллион теңгенің жабдықтары алынады. Барлығы 192 орта білім беру ұйымын қамту жоспарда бар.

Пікір қалдырыңыз