Ақтөбе облысында жылына 18 млн жұмыртқа өндіретін құс фабрикасы салынады

Алға ауданының әкімі Нағымжан Алдияров биылға 335 млн теңге инвестиция тартылған жаңа жобалармен таныстырды. Ауданда дәстүрлі емес ауыл шаруашылығын жандандыру қолға алынған. Алдағы жылдары Ақтөбеге Алғада өсірілген гүлдер әкелінетін болады.

«Үш жоба қолға алынғалы тұр. Маржанбұлақта гүл егетін және Алға қаласынан 15 шақырым жерге көкөніс өсіру бағытында жылыжай құрылысы басталады. Жоба құны 25 млн теңгені құрайды. Биылғы жылы оған 5 млрд теңге инвестиция салынады деп күтілуде», — дейді Алға ауданының әкімі Нағымжан Алдияров.

Сонымен қатар, аудан облыстағы жұмыртқа сату нарығын жаулап алмақ.

«Жеке кәсіпкермен құны 1,1 млн теңге болатын құс фабрикасын салу жоспарда бар. Онда жылына 18 млн дана жұмыртқа шығарылатын болады. Оған 600 млн теңге инвестиция қаралған. Және бір жобамыз, «Актеп» серіктестігімен ауданымызда мың гектар жерге суармалы егіс алқабын жоспарлап отырмыз. Оған 1,5 млрд теңге қаржы құйылады,» — дейді аудан әкімі.

Ауданда биылғы жылы қолға алынатын жобалар арқылы 300 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Пікір қалдырыңыз