Ақтөбеде Бауырсақ мерекесі атап өтілді

Ақтөбеліктер Наурыз мейрамын тойлауды көрісу күнінен бастап кетті. Облыс жастары бірігіп ұйымдастырған Бауырсақ мерекесінде қазақтың ұлттық тағамдары қойылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ойыл ауданының жастары тары, талқан, құрт пен май, бауырсақ ұсынды. Шығанақ Берсиевтің жерлестері шетелге экспортталып жатқан тарыдан әкелген.

«Біз ауылда өндірілетін тары, талқан әкелдік. «Жақып» шаруа қожалығы тары шаруашылығын дамытып, шетелге өнім шығарып жатыр. Ұлттық тағамдардың бәрі қала халқы үшін таңсық әрі оларға сұраныс жоғары. Бұл жолы бәрін тегін үлестірдік. Халық өз алғысын білдіріп жатыр», — деді Ойыл ауданынан келген Жангүл Ізғарина.

Мерекеде сөз сөйлеген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақтөбеде Ұлыстың ұлы күні бір ай бойы тойланатынын хабарлады.

«Татулыққа, бірлікке шақыратын мереке кезінде жастар белсенділік танытты. Ақтөбе облыстық драма театры, шығармашылық ұжымдары түгел қатысты. Алда бір ай той болады. 21 наурызда Жарапазан айтылып, Қыдыр ата ақтөбеліктерді үйлеріне барып құттықтайды», — деді мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Орталық саябақ пен мәдениет ошақтарында Наурыз мерекесіне орай түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады. Ақтөбеліктер өткізілетін шараларға қатысты ақпаратты жергілікті әкімдіктің сайтынан біле алады.

Пікір қалдырыңыз