Ақтөбеде мобильді қосымша арқылы дәрігерге жазылып, анализ қорытындысын алуға болады

Ақтөбе емханаларындағы кезекті азайту, адами факторды жою үшін электронды кезек қойылып, тұрғындар арнайы мобильді қосымшаны жүктеп жатыр. Бұл арқылы дәрігерлердің қабылдауына жазылуға, анализ қорытындысын алуға болады. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев медицина саласындағы цифрландырумен жеке танысты.

Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев Ақтөбе қаласындағы №3 емхана жұмысымен арнайы танысты. Мұнда денсаулығын тексеруге келген адам талон алып, дәрігердің қабылдауына барады. Сол жерде дәрігер тұрғынның жеке кабинетіне кіріп, оның шағымын тыңдайды, анализдерін қарайды. Егер өзге дәрігердің кеңесі қажет болса, бірден күні мен уақытын белгіліп, ем қабылдаушыны хабардар етеді. Сонымен қатар, емхана мобильді қосымшаны іске қосты.

«Мобильді қосымшаны үш ай бұрын іске қостық. Жастар үшін тиімді жобаны жарнамалап, түрлі қағаздар ілінді. Бірақ адамдар назар аудармады. Сондықтан біз арнайы бір маманды бөліп, келушілерге түсіндіру жұмыстарын бастадық. Бір айда 140 адам тіркеліп, медициналық көмек алып отыр. Олар үйде отырып, жұмыста жүріп кезекке тұра алады. Тіпті анализ қорытындыларымен танысады. Егер стационарлық ем алып, дәрігеріне қайта келуді ұмытса, учаскелік дәрігер өзі шақырып алады. Жедел жәрдем шақырғандар да электронды түрде көрініп тұрады», — деді емхананың бас дәрігері Жәнібек Нармұхамедов.

Жаңа жобамен танысқан Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев кадрларды оқытып, халыққа түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламаны дайындап, оны түсіндіретін, іске асыратын мамандарды оқытуды тапсырды. Сол кезде ғана жоба Қазақстан бойынша қолданылады, іске асырылады. Цифрландыруды енгізумен қатар оны белсенді пайдалана білу маңызды. Емханалардың бәрінде арнайы маман болуы шарт. Әйтпесе, цифрландыру жұмысы ұзаққа созылады», — деді Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев.

Қазіргі кезде Ақтөбе облысы бойынша медицина саласындағы мемлекеттік қызметтің 72 пайызы цифрландырылды. Бір айдан соң барлығын қамтып, халықтың уақыт үнемдеуіне мүмкіндік беріледі. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, қазір қызмет көрсетудің 18 түрі элекронды нұсқаға көшірілді.

Пікір қалдырыңыз