Ақтөбеде газ тапшылығына қатысты айыпталғандардың көбі ақталды

Ақтөбе қалалық сотының судьясы Ербол Әбдіқалықов 5 наурыз күні сұйытылған газ тапшылығына орай айыпталып, былтыр сәуір айында үстінен қылмыстық іс қозғалған сегіз адамның жетеуін ақтады. Ақталғандар арасында «аймаққа тиесілі әлеуметтік газды Ауғанстанға сатып, миллиондаған доллар пайда таппақ болды» деп айыпталған Gold Steps компаниясының директоры Берік Есенов те бар. Бұл жайында дүйсенбіде Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Азаттық хабарлайды.

Соттың мәліметінше, 36 жастағы Берік Есенов пен тағы екі айыпталушы бір жылдай уақыт тергеу изоляторында отырған. Қалған бесеуі ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта болған.

Ақтөбе қалалық соты 5 наурызда сұйытылған газ тапшылығына қатысты айыпталған сегіз адамның бірі – кәсіпкер Кәміл Төлегеновтің бас бостандығын екі жылға шектеді. Сот қалған жеті айыпталушыны «аймақтағы газ тапшылығына қатысы жоқ» деп тапқан. «Аса ірі мөлшерде экономикалық контрабандамен айналысты» деп айыпталған кәсіпкер Төлегеновтен сот қаулысымен мемлекет пайдасына 195 миллион теңге өндірілетін болды.

Былтыр көктемде облыста сұйытылған газ тапшылығы туындаған соң Ақтөбе облысының әкімдігі «облыс халқының ішкі сұранысына бөлінген газды шетелге заңсыз тасымалдаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілгенін» хабарлаған еді. Газ тапшылығы басталған соң мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі, Бас көлік прокуратурасының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің, облыстық ішкі істер департаменті мен ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізген.

Әуелде жергілікті билік аймақтағы сұйытылған газ тапшылығын газбен жүретін көлік санының 54 пайызға артуымен және үкімет бөлген квотаның өңір қажеттілігін толық өтей алмай отырғанымен байланыстырған еді. Кейін әлеуметтік газды Ақтөбедегі бекеттерге бөліп беруі тиіс екі фирманың «экономикалық контрабандамен айналысқаны» xабарланған.

Пікір қалдырыңыз