Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс істеуге құлшынысы мықты — Құралай Байменова

Ақтөбеде «Біз біргеміз» акциясы өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандар масыл болмай, жұмыс істеуге құлшыныс білдірді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбедегі мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп жүрген Құралай Байменова жаңа күннің туғанын қуанышпен жеткізді. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының жетекшісі мүгедектер үйде отырмай, жұмыс істеуге құлшынып отырғанын жеткізді.

«Жұмыс — тұрақтылық кепілі. Мүгедектер зейнетақыға қарап, кереуетте жатудан жалықты. Олар өзге адамдар сияқты жұмысқа араласқысы келеді. Жыл өткен сайын олардың қатары көбейіп, жұмыс сұраушылар артты. Бұл қуанышты жайт. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғам тұтынушыдан, жаңа дүниені өмірге әкелуші болып өзгерді. Олар жұмыс істеп, жаңа дүниені ұсынғысы келеді. Шын мәнінде, көбі ІТ-технологияға икемді. Бір орында отыратын адам үшін ең ыңғайлы мамандық осы», — деді Құралай Байменова.

Қазіргі кезде облыста қанша мүгедектің жұмысқа араласып жүргені белгісіз. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы әр мекемемен келісіп, қанша адамды жұмыспен қамтып отырғанын сұрап жатыр. Ал жұмыс істеп жүрген мүгедектердің жалпы саны 5 мыңға жақындаған.

«Ірі кәсіпорындарда 17-20 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істейді. Кейбірі 2-3 адамды жұмысқа алған. Бұл жақсы көрсеткіш. Бір айта кететін жайт, мүгедек адам да бәсекеге қабілетті болуы керек. Біліктілігін арттырып, білімін жеткілдіріп отырған жөн. Мүгедек екен деп кез келген компания оны жұмысқа алмайды. Оның да жұмыс орнына сай білімі болуы керек», — деді Қ.Байменова.

Айта кетейік, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бүгін 50 мүмкіндігі шектеулі жанға жұмысқа орналасуға жолдама берді.

фото: kazpravda.kz

Пікір қалдырыңыз