Әлеуметтік желі белсенділерінің форумы өтеді

Павлодар облысында Instagram немесе Facebook белсенді пайдаланушыларының алғашқы форумына қатысуға өтінімдер қабылдау жарияланды, деп хабарлайды pavlodarnews.

«Форумның мақсаты — танымал әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушыларының әлеуетін арттыру, мемлекеттік бағдарламаларды, әсіресе Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыруға және алға бастыруға тарту. Instagram-да немесе Facebook-та өз аккаунтын оқырмандарына арналған тартымды да мазмұнды материалдармен белсенді толтыратын пайдаланушылар біздің қызығушылығымызды тудырады», — дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов.

Басқарма танымал блогерлердің және белсенді өмірлік ұстанымы бар, интернет-кеңістікте өз көзқарасын білдіретін жастар өкілдерінің тізімін қалыптастыруда. 300 мыңнан астам жазылушысы бар Павлодардың жалғыз блогері @_kristina_russinovich жарқын мысал бола алады. Оның аккаунтының басты бағыты — #фудблогинг.

Ернұр Дәуеновтің айтуынша, форум блогерлердің қоғамдағы әлеуметтік-саяси үдерістерге көзқарастарын өзгертуге, бағдарламалық мақсаттар туралы түсініктерін кеңейтуге, интернет-кеңістікте жаңғырту үрдістерін неғұрлым белсенді түсіндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатысушыларға мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың және бірлескен жұмыстың жаңа және қызықты әдістері ұсынылатын болады.

Іс-шараға белгілі қазақстандық блогерлер қатысады. Ұйымдастырушылар Павлодар облысының барлық тұрғындары үшін әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық сананы жаңғыртудың идеяларын таратушылары болатын интернет кеңістіктің неғұрлым креативті, талантты өкілдерін анықтауды жоспарлап отыр.

inform.kz

Пікір қалдырыңыз