Ақтөбеде Қазақстандағы тұңғыш рет фермерлерге қызмет көрсету орталығы ашылады

Биыл Ақтөбе облысында цифрлы технологияларды қолдану арқылы «Фермерлік қызмет көрсету орталығы» пилоттық жобасы іске асырылатын болады. Бұл туралы тұрғындармен болған кездесуде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев айтты.

Жобаның шеңберінде сатылатын малға арналған бірыңғай электрондық база енгізіледі, аукционда тірі мал мен ауыл шаруашылығы техникасын сату алаңы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсететін қаржы институттарының кеңселері болады.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, аграрлық сектор экономиканың драйвері болуға тиіс. Ақтөбе облысы бұл міндетті белсенді түрде жүзеге асырады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 5,3%-ке артып, 200,8 млрд. теңгені құрады. Облыстағы егін өнімділігі рекордтық деңгейге жетіп, гектарына 13,2 центнер, 512 мың тонна астық жиналды. Суармалы жерлердің алаңы 18,3-ден 21,6 мың гектарға, егістік алқаптарының алаңы 16% -ке 656 мың гектарға дейін артты», — деді облыс басшысы.

Мал шаруашылығында ірі қара мал саны 5,2%, құс20%, жылқы 7,4%, қой-ешкі 5,7%, артты. Ет өндіру 4,1%, сүт 4,4%, жұмыртқа 6,1% өсті.

Облыс әкімі бұған мемлекеттің қолдауымен және ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларын сәтті жүзеге асырудың арқасында қол жеткізе алғанын атап өтті.

«Президенттің тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығына цифрландыру элементтері белсенді енгізілуде. Мысалы, «АқТеп» ЖШС мен «Айс» ЖШС шаруа қожалықтары толығымен автоматтандырылған, арнайы сенсорлар жануарлардың орташа тәуліктік салмағын арттыруға, олардың қызметі мен жалпы денсаулық көрсеткіштеріне бақылау жасауға мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және егін жинау үшін де пайдаланылады», — деді Бердібек Сапарбаев.

Өткен жылы 200 ауылшаруашылық кооперативі 2100 тоннадан астам ет, 3 мың тонна сүт және 1700 тонна көкөніс және басқа да өнімдер өндірді. Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес салаларын дамыту маңызды. Облыста аралар, қояндар, құлпынай, таңқурай өсіру және тағы басқа бағытта 188 жоба жұмыс жасауда.

Аймақаралық ынтымақтастық шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерімен, сондай-ақ көршілес Ресейдің бірқатар аймақтарымен ынтымақтастық орнатылды. Айта кетейік, 2017 жылы өңіраралық ынтымақтастық бойынша тауар айналымы 26,8 млрд. теңгені құрады. Бұл көптеген азық-түлік тауарларының бағаларын төмендетуге және ұстап тұруға мүмкіндік берді.

Пікір қалдырыңыз