Қазақстан мен Қырғызстан қорғаныс саласындағы серіктестікті кеңейтпек


ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің делегациясы жұмыс сапарымен Бішкекке барып, әскери ведомстволармен және министрлік басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Қырғызстанның Қорғаныс істері бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы Мирбек Қасымқұловпен кездесті.

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тараптар әскери өнеркәсіп саласындағы бірлескен іс-қимыл, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімдерді жеткізудің өзара перспективаларын талқылады.

Атап айтқанда, Қазақстан делегациясы авиатехника (тікұшақтар техникасын жөндеу) саласына қызмет көрсетуде бірлесе жұмыс істеуді және ҚР қорғаныс кәсіпорындарының өнімдері мен қызметтерін ұсынды. Сондай-ақ, Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС шығаратын көпсалалы тікұшақтар жеткізу мәселесінің болашағы қаралды.

Қазақстан делегациясы серіктестеріне қазақстандық ғарыш жүйесін бірлесе қолдану және ғарыш саласына қажет мамандарды дайындауды ұсынды.

Жұмыс сапарын қорытындылай келе министр Бейбіт Атамқұлов қырғызстандық әріптестерін 23-25 мамырда Астанада өтетін «KADEX-2018», V Халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесіне шақырды.

Пікір қалдырыңыз