Ақтөбеде қоғамдық көлік иелеріне автобустарды жаңарту міндеттелді

Ақтөбеде қоғамдық көлік иелеріне автобустарды жаңарту міндеттелді

Ақтөбедегі «Автопарк» ЖШС-і автобустарды жаңартуға міндетті. Қалалық әкімдіктің бұл тапсырмасы орындалмаса, екі арадағы келісімшарт бұзылуы мүмкін, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласынағы жолаушылар тасымалын қамтамасыз ететін «Автопарк» ЖШС-і жақын арада автобустарын жаңартуы тиіс. Бұл талапты әкімдік қойды. Егер талап орындалмаса, жолаушылардың шағымы ескерілмесе, әкімдік екі арадағы келісімді бұзады.

«Ақтөбе қаласы үшін ең басты проблемалардың бірі – автобус. Оның жүру кестесі, тазалығы, жүргізушілердің тәртібі туралы жақсы білеміз. Өкінішке қарай, «Автопарк» ЖШС-і 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығында маршруттар кестесін ұтып алған. Заң бойынша олар өздеріне тиесілі маршруттарға 7 жыл бойы қызмет көрсетуі керек. Қазір біз оларға уақыт беріп отырмыз. Егер сол уақыт аралығында автобустарды жаңартпаса, бәрі басқа жолмен шешіледі», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбе қалалық әкімдігіне қарасты екінші мекеме өткен жылы ондаған жаңа автобус сатып алды. Бюджеттен бұл мақсатқа 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, игерілді. Ал жеңілдіктер тек мұқтаж адамдарға ғана беріледі.

«Жеңілдік мұқтаж адамдарға берілуі керек. Қала әкімдігіне тапсырма берілді. Зерттейміз, қараймыз, шешім қабылдаймыз. Кейбір ардагерлер автобусқа мінбейді. Оларға не үшін ақша беруіміз керек? Автобуспен жүрсеңіз аласыз, жүрмесеңіз алмайсыз. Бәріне бірдей тегін жүру құқығы берілмейді», — деді Б.Сапарбаев.

Фото: Aktobetimes.kz

1 пікір

Пікір қалдырыңыз