Байқоңырдан бүгін ұшпақ зымыран-тасығыштың уақыты шегерілді

Бүгін Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшуы жоспарланған «Союз-2.1а» зымыран тасығышы ұшпай қалды, деп хабарлайды «Азаттық».

Бұл туралы «Роскосмос» корпорациясы өзінің ресми сайтында хабарлады. «Прогрес МС-08» жүк кораблін ғарышқа алып ұшпақ зымыран тасығыштың ендігі ұшу уақыты 13 ақпанға шегерілді.

Мұның алдында зымыран тасығышты құрастыру 8 ақпанда сәтті аяқталғаны хабарланған. Сонда мемлекеттік комиссия мен техникалық басшылық өкілдерінің жиынында зымырандық кешенді 9 ақпанда старт алаңына қондыру келісіліп, зымыран тасығыш пен зымыран №31 ұшу алаңына қойылған болатын.

Зымыран халықаралық ғарыш станциясындағы экипажға 890 килограмм жанар май, 69 килограмм сығымдалған газ, 420 килограмм су және ғылыми құралдар, азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және жеке гигиеналық заттарды тасып апарады.

Зымыранның бүгін ұшпай қалу себебі ретінде қозғалтқыштардың автоматты түрде өшіп қалғаны айтылған. Бұл — Байқоңырдан биыл ұшатын алғашқы зымыран болмақшы.

Көрнекі сурет: Байқоңыр қаласындағы ескерткішке қойылған зымыран. 14 желтоқсан 2017 жыл.

Пікір қалдырыңыз