Ақтөбедегі сән көрсетілімінде прокурорлар мен полиция қызметкерлерінің киім үлгісі де таныстырылды

Ақтөбедегі сән көрсетілімінде прокурорлар мен полиция қызметкерлерінің киім үлгісі де таныстырылды

Ақтөбеде алғаш рет аудан, ауыл тігіншісі, дизайнерлерінің қатысуымен сән көрсетілімі өтті. Қаладағы кәсіби мамандардың қолынан шыққан киім үлгілері де таныстырылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Сән әлемінде жүрген ақтөбелік қыз-келіншектер екі күн бойы кәсіби шеберліктерін көрсетеді. Сән көрсетіліміне барлығы 50 тігінші мен дизайнер қатысты. Олардың арасында арнайы киім тігетін шеберханалар да бар.

«2007 жылдан бері арнайы киім тігумен айналысамыз. Біз прокуратура, полиция, саңыраулар қоғамының мәдениет үйі, қалалық мәдениет үйімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Көбі мемлекеттік тапсырыс аясында тігіледі. Сонымен қатар, ұлттық киім тігеміз», — деді «Шарм» ательесінің иесі Марина Бекжанова.

Жергілікті дизайнер матаны Ресейден тасымалдайды. Импорттан бас тарту мүмкін емес. Себебі, елімізде киім тігуге қажетті заттар, мата шығарылмайды.

«Сән көрсетілімі Ақтөбе облыстық тігіншілер мен дизайнерлер қауымдастығының таныстырылымы секілді болды. Қазір бәріміз бірігіп, жеңіл өнеркәсіпті дамытқымыз келеді. Себебі, жалғыз жүріп, іс бітіре алмаймыз. Адамдар шетелден әкелінетін кез келген киімді біздің тіге алатынымызды білуі керек. Олар үлгіні әкелсе немесе ойында жүрген киім сызбасын түсіндіріп берсе, біз жақсы дүниелерді жасап береміз», — деді жеке кәсіпкер Марина Бекжанова.

Сән көрсетілімі кезінде аудан, ауылдан тігіншілер келіп, олар өз киім үлгілерін көрсетті. Көбі ұлттық киімге басымдық берген. Жаңа бастаманы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолдап, сәттілік тіледі.

«Аудан, ауылдан келген адамдарға бұл тәжірибе алаңы болады. Соңғы сән үлгілерімен қатар ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, салт-дәстүрімізді сақтауымыз керек. Біз дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығын қолдаймыз. Алдағы уақытта «Аналарға тағзым» орталығы ашылады. Орталықта қолөнер шеберлерінің де өз қолтаңбасы болады», — деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сән көрсетіліміне Ақтөбедегі сәнгерлер студиясының жастары мен балалары қатысты. Олар өздеріне тігілген киім үлгісін көрсетіп, арнайы жолмен жүріп өтті.

Айта кетейік, сән көрсетіліміне қатысқан дизайнерлер мен тігіншілер шеберлік сабағына қатысады. Сонымен қатар, олар мата таңдау, сатып алу, қажетті бұйымдарды жасау жолдарын үйренеді.

Пікір қалдырыңыз