Сапарбаев жолаушылар қызметіне қатысты мəселені жақын күндері шешуді тапсырды

Облыстық жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасы басшысының есебін тыңдаған облыс басшысы жолаушылар қызметін басқарып отырған мекемелердің жұмысына көңілі толмайтынын айтты.

Жолаушыларға қызмет көрсету мекемелерінен түскен шағым саны 500-ге жеткен.

«Екі жылдан астам уақыт жұмыс істеп жатырмыз. Әуежайдан ешқандай да ұсыныс болған жоқ. Теміржол вокзалында да жағдай мәз емес. Кассалардың 1-2 ғана жұмыс істейді, үнемі кезек деп шағым айтады. Кассада отырған адамдар кетіп қалады, олар адаммен адам сияқты сөйлеса алмайды екен. Вокзал маңындағы аумақта тәртіп жоқ. Неге? Таяуда әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Шамамен 500 шағым тіркелді», — деді облыс басшысы.

Сонымен қатар, əкім бар нəрсені тиімді пайдалануды тапсырды.

«Вокзалды көшіру, жаңасын салу мәселесін көтере берудің қажеті жоқ. Ол жақын уақытта болмайтын жұмыс. Қазіргі вокзалды қалпына келтіріп алу керек. Тұрғындар бірінші жолдан үшінші жолға баруы үшін екі пойыздың астында қалу қаупі бар», — деді Бердібек Сапарбаев.

Ал, қаладағы қоғамдық көлік санының азайғанына қатысты «Автопарк» ЖШС-тің өкілі мəселенің шешілетінін айтып уəде берді.

«Жүргізушілер жетіспейді. Сондықтан адамдарды қабылдап, олардың тәжірибе жинауына мүмкіндік береміз. Автопаркте 130-ға жуық автобус жөндеуді қажет етеді. Күніне 260 маршрут шығуы керек. Кешегі аязда 197-ге барды. Қазір 207 автобус жолаушылар тасымалына шығып жүр. Ішкі қаржылық жағдайға байланысты автобустар өзгереді», — деді «Автопарк» ЖШС заңгері Руслан Жылқаманов.

Пікір қалдырыңыз