«Aktobe Fashion Days 2018»: Жергілікті сәнгерлер мен тігіншілердің сән көрсетілімі өтеді

«Aktobe Fashion Days 2018» сән көрсетілімі аясында аудан, ауылдағы тігіншілер өздерінің бірегей туындыларын көпшілік назарына ұсынады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысындағы дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығы сән көрсетілімін республикалық деңгейде өткізуді мақсат етіп отыр. Бұл сән көрсетіліміне кез келген тігінші мен сәнгер қатыса алады. Дегенмен аудан, ауылға басымдық беріліп, олардың тәжірибе жинауына мүмкіндік жасалады.

«Ақтөбедегі тігін саласын дамыту үшін соңғы сән үлгілерін қарап, соны жергілікті жерде енгізу қажет. Сұранысқа сай жұмыс істеу үшін қажетті заттар, матаның шығарылуын, арнай фабрикалармен байланыс орнату жолдарын білу керек. Қазір өңірде құрылған қауымдастық делдалсыз жұмыс істеу жолына көшті. Базардан емес, фабрикадан алған дұрыс. Біз сән көрсетілімінде осы тәжірибелермен бөлісеміз», — деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова.

Сән көрсетілімінде мектеп формасы, жұмысшылар киімі, классикалық үлгідегі киімдер мен кешкі кездесулерге арналған, той көйлектері болады. Арнайы тақырып жоқ, бағыт берілмеді. Тігіншілер мен сәнгерлер өз ойы мен идеясына сүйеніп, өзінің үздік туындыларын ұсынады. Сән көрсетілімі 6-7 ақпан күндері «Саз сырнай» мейрамханасында өтеді. Көрсетілімге қатысуға ниет білдірген сәнгерлер мен тігіншілер podiumaktobe@mail.ru электронды поштасына өтініш жібере алады.

«Қолөнер шеберлері көрмесін ұйымдастырып, өз тәжірибесімен бөліседі. Сонымен қатар, Ақтөбедегі белгілі сәнгерлер соңғы үлгідері сән туралы айтып, тігуге қажетті бұйымдарды қайдан алуға болатынын айтады. Арнайы киімдер Ақтөбе үшін маңызды. Бізде өндіріс жақсы дамыған, сұраныс бар. Тіпті кейбір тігін цехтары Атырау, Ақтаудың тапсырысын орындап отыр. Бәрі адамның өз қолында», — деді Анар Даржанова.

Айта кетейік, бұл көрсетілімге аудан, ауылдан 50 тігінші келеді деп жоспарланып отыр.

1 пікір


  1. Здравствуйте,завтра fashion days во сколько начинается?

    Жауап беру

Пікір қалдырыңыз