Жанар Айжанова еш жерде айтылмаған сырымен бөлісіп, оқырманға құпиясын айтты

Кешегі Бибігүл Төлегенова, Роза Бағлановалардың ізін жалғап келе жатқан қазақ сахнасындағы бірегей әншілердің бірі — Жанар Айжанова NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат беріп, еш жерде айтылмаған сырымен бөлісті. Әнші тұрмысқа шыққаннан кейінгі өмірінде болған қиындықтарын айтып, бүгінде жастардың ұсақталып бара жатқанына ренішін білдірді.

— Кезінде сахнаға қазақтың қара домбырасын ұстап шығып, ән салдыңыз, сосын «Той Best Star» бағдарламасында шоу жүргіздіңіз, бүгінде актриса болып жүрсіз. Жанар Айжанова кім әнші ме, актриса ма әлде тележүргізуші ме?

— Мен өзім қазақи ортада өстім. Сондықтан болар бойымда қазақылық қалыптасып қалған. Ең алғаш рет сахнаға домбырамен шыққандықтан, халық мені солай қабылдап қалды. Бірақ, мен өзімнің қолымнан тағы не келетінін іштей білемін ғой. Мен тіпті мектепте оқып жүрген кезде спетакль қойсақ та, айтыс болса да, түрлі байқаулар болса да қатысып, мектептің абыройын барынша қорғап жүретінмін. Әкем мені бәйгеге де қатыстыратын, тіпті арасында ауылға түскен келіндердің домбырамен бетін ашатынмын. Мен кәсіби актриса, тележүргізуші емеспін. Қазіргі менің шетінен сыздықтатып жіберіп жатқаным, сол ауылда қанымнан сіңген әдетім. Оны маған ешкім оқытқан жоқ.

Мен қазір өнердің барлығына қатысып жатырмын, өнерде тоқтауға болмайды екен. Ән айт десе айтамын, асаба бол десе оған да барамын. Кейбіреулер айтады: «Асаба деген ұят қой, жүргізуші деп айтсаңызшы» дейді. Не үшін олай айтуым керек? Сөз бастау оңай емес. Асаба болу үшін де ми, тіл, білім керек. Мен өзімді асабамын деп мақтанышпен айтамын.

— Жетінші арнада жүріп жатқан «Тақиясыз періште» әзіл фильмінде адуынды ененің рөлін ойнайсыз. Өзіңіз өмірде қандай келін болдыңыз?

Мен келін болып қарық болған жоқпын. Бірінші шыққан күйеуім он күннен кейін қайтыс болып кетті, балам ішімде қалды. Бұрынғы енеме әлі күнге дейін сәлем салып, араласып тұрамын. 2017 жылы Ақтөбеде қойған концертіме Айжұлдыздың әжесі, менің бұрынғы қайын енем келді. Екінші құрған тұрмысымда қайын енеммен қатты араласамын деп айта алмаймын, шындықты жасыра алмаймын. Араласып көруге тырыстым, бірақ арамызда бәрібір салқындық бар. Бәлкім, оныкі де дұрыс шығар. Мен баласы бар әйелмін, күйеуім өлген, оның баласы бойдақ болатын. Қимайтын шығар, баласын. Ананың қызғанышы шығар. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды деп ойлаймын.

Мен жалғызбасты ана болып қалған кезде тамақты талонмен беретін заман, дүкендерде сөрелердің бәрі бос. Алғаш айналымға теңге шыққан уақыт. Сондай қиын-қыстау кезде біз амалын тауып өмір сүрдік. Мен бір қапшық ұнды алып кептіріп, вермишель қылып балконға жайып қоямын. Ол кезде жұмыс таңдайтындай болмадық. Сенсеңіз де, сенбесеніз де айтайын, біз ағайынды үш қыз балаларымызбен бірге бір үйде он екі адам болып бірнеше жыл тұрдық. Барлығының балалары бар, жастайынан күйеусіз қалды. Қасымызда күйеуге шықпаған бойдақ сіңліміз бар. Сол кездерді басымыздан бірге өткізіп, балаларымызды оқытып, жоқшылықта өмір сүруді, ауызбіршілікті болуды үйреттік. Мен домбырамды асып, концертке кетемін. Билетке қаржысы жоқ халық алғыс ретінде үйдегі маталарын, жұмыртқаларын әкеледі. Сол материалдан үйдегі қыздарға халат тігеміз, балаларымызды шулап жүріп оқыттық. Қазір Аллаға шүкір, бәрі соны ұмытпайды. Мен қазіргі қыздардың бойынан сондай талпынысты көрмеймін. Адамның бойында өжеттілік болса, ешнәрсеге дес бермейді екен.

— Қазіргі қыздардың қайсарлығы кеміп, жігіттердің жігері жоқ болып бара жатыр деп отырсыз. Оған не себеп деп ойлайсыз?

— Тәрбие, ата-ананың бостығы. Бәрі қазір дүние қуалап жүріп, балаларын бетімен жіберді. Қазір қырық еркектің біріне пышақ қайрап берші десең, отыз тоғызы қашып кетіп, біреуі қалуы мүмкін. Еркектер қазір өзгеріп бара жатыр. Пышақ қайрамақ түгілі, тауық соя алмайды. Заман өзгерген жоқ, біз адамдар өзіміз өзгеріп бара жатырмыз. Біз тойындық, қанағат дегенді білмейміз. Кредит алып той жасаймыз, артынан балалар ажырасып жатады. Бізде кезінде той жасадық, шамамыздың келгенінше ғана. Мектептің асханасында дастархан жайып, сіңілімізді ұзаттық. Бүгінде көп ел миллиондап неисе аларда шамасына қарамайды, тойдан қайтады деп ойлайды. Олай ойлауға болмайды, тойдан қайтпайды ешқашан. Кредит алып той жасайды да, келген келінге: «Біз саған кредит алып той жасағанбыз» деп қайта -қайта ұрсып отырды. Ол келін сондай сөз естиін деп келген жоқ қой, сосын ол да «кетші бар» деп кетеді де, қалады. Нәтижесінде екі жас ажырасып тынады. Ия, болмаса бай, кедей болып «Бай байға құяды, сай сайға құяды» деп бөлінеді. Қазақтар бір-біріне бауырмал, қамқор халық болған. Жетімі мен жесірін жылатпаған.

Мен жүрген жерімде қазақтың иісін шығарып жүруге тырысамын, тіпті өзіме киіз үйге тапсырыс беріп қойдым. Далада самауырмен шәй ішемін. Біреулер мені бұл үшін «мамбет» деуі мүмкін, бірақ айтқан ел айта берсін. Мен бабаларымнан қалған нәрсені неге жаңғыртып, жарқыратып отыра алмаймын?!

Байқасаңыз, бүгінгі балалардың арманы-айфон телефон. Жылда оның түбіне жетпейміз, жаңасы шығып жатады. Көшеде кетіп бара жатқан балаға қарасаңыз құлаққаппен жүреді. Меніңше, бала өмірге жалаңаш келіп, жалаңаш кететінін білуі керек. Біздің әжелеріміз, далаға қыздарды кеш батқан соң шығармайтын. «Қызға қырық үйден тыю» деген бар ғой. «Болмайды, ұят болады» дейді, біз сол тәрбиемен өстік. Қазір ешқайсымыз кем болып отырған жоқпыз. Ал қазіргі жігіттер қандай шеттерінен ақсаусақ, сырға тағады, шаштарын бояйды.

— Бойжеткен қызыңыз Айжұлдыздың тәрбиесінде не нәрсеге баса мән беруге тырысасыз?

— Бойында қазақилық пен қарапайымдылықтың болуын кішкентай кезінен қадағаладым. Мен қызым Айжұлдызды аптасына бір рет, кейде қолым тимей жатса айына екі рет М.Әуезов атындағы театрға спетакль көруге алып барып, сосын өзінен соны сұрайтынмын. Ауылға жиі апаратынмын. Қазір қызым қалада тұрса да, далаға құмар. Ауылға барудан қашпайды, бойында қазақылықтың іргетасы қаланған. Ауылға барған кезде барлығы таң қалып: «Қаланың қыздары мұндай болмаушы еді ғой? Айжұлдыздың қасы жұлынбаған, шашын өріп жүреді, боянбайды», — деп жатады. Қалада өскен қыз сонда, қарапайым бола алмайды ма? Сонда қалада тұрып қасы бір сызық болып керіліп, шашы боялып жүру керек па? Қаланың қызы сондай болу керек деген түсінік қалыптасқан. Неге қаланың қызына қарапайым болуға болмайды сонда? Қалада жүріп те қазақылықтың иісін шығарып жүрген дұрыс қой.

Ал, біздің қазіргі жастар неге ақсап жатыр? Себебі, сол қазақилықтың іргетасы қаланбағандықтан, шайқалып жатыр. Бала дүниеге келіп, былдырлап тілі шыққан кезде, әр ұлттың тілі өзінше шықса қандай керемет. Мен ұлтшыл емеспін, мен ұлтжандымын. Мысалы, менің жалғыз түйір қызым бар, алтыншы сыныпқа дейін тек қазақша мектепте оқыды, балабақшаға да барған жоқ, тек әжесінің қолында өсті. Мен қазір қорықпаймын, қызым қазір орыс тілін, ағылшынша да үйреніп алған, неміс тілін де біледі. Енді қазір арабша үйренемін деп жүр. Кезінде бір шетелдіктің айтқан сөзі есімде қалып қойды. Қызым кішкентай кезінде көп ауыратын, шипажайларға көп баратынбыз. Сондай демалыстардың біріндеойнап жүрген Айжұлдызды көрген шетелдік: «Осы қазақтар мен сендерді түсінбеймін, тілдерін қандай керемет! Мына кішкентай қызыңа қарашы шүлдірлеп сөйлеп тұр, тақылдап тақпақ айтып жатыр. Сендер өз қадірлерінді өздерің білмейсіңдер, қазақтың тілі қандай керемет!», — деді. Қысқасы, өз обалдарын өздеріңе дегенге келтіріп айтты. Неге екенін білмеймін сол сөз менің ойымда қатты қалып қойды.

— Бүгінде отбасымен ажырасқан немесе өмірде жолы болмаған жұлдызды әншілер қыз ұзатып жүр. Зейнеп Ахметова апайымыз қызды өмірде өзі бақытты, үбірлі-шүбірлі болып, үлгі болып жүрген жеңгелері алып шығады дегенді бір сұхбатында айтқан еді. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?

— Зейнеп апайымыз айтса, дұрыс айтады. Мен өзім жақтың салт-дәстүрін мысал қылып айтып өтейін. Менің екі ағам үйленген кезде, шымылдық дайындағанның өзінде ешкімнің қолы тимеген жас қыздар, бала туған аналар отырып дайындаған. Қара жамылып отырған келіншектер мұндай нәрсеге өздері-ақ аттап баспайтын. Үйдің ішінде де оларға рұқсат болмайтын. Әркім өз орнын білетін. Ол – ырым. Ауылда келіннің бетін ашқан кезде өніп-өскен, үлгі боларлық келіншекті таңдайтын. Келіннің басына орамалды адуынды кемпір салатын. Одан бөлек, тіпті бет ашқан кезде де арақ ішіп, әркімнің есік алдында жатқан адамдарға бет аштыртпайтын.

Тіпті жесір әйелдер үйіне қонақ келіп, тығырыққа тіреліп, мал сою керек болып жатқанда үйінде еркегі болмаса, баласына пышақты ұстатып, өзі баланың қолынан сыртынан ұстап малды бауыздай береді екен. Жеті жасар баласы болса солай жасауға исламда рұқсат етілген.

Ал қызды ұзатқан кезде де солай. Күйеуі қайтыс болған, тоқал атанғандардың ұзатқаны дұрыс емес. Тіпті әйел адам бата бермейтін, тек еркектер ғана бата беретін. Содан кейін ғана қыздың шешелері, жеңгелері «артыңа қарама» деп, есіктен шыға берісте басына сәукелесін кигізіп, шығарып салатын.

Ұзатылған қыз келін болып түскен үйге барғаннан кейін ғана орамал тағатын, сосын оны ешқашан шешпейтін. Орамалға қарап–ақ ауылдың қызы мен келінін білетін болған. Басында түре тартқан орамалы бар болса, ол сол үйдің, сол әулеттің келіні деген сөз. Қызды ұзатқан кезде жеңгелері еріп кететін, артынан апа- сіңлілері баратын, біздің жақта тіпті қыздың әке шешесі де тойға бармайды. Қыздарының беті ашылғанын көрмес үшін. Егер салт-дәстүрде солай қалыптасқан болса, ол солай болу керек. Оны ұзатып жүргендердің өздері білу керек. Ол сол қыз ұзатып жүргендердің біліксіздігі. Мен үйдегі сіңлілерім ұзатылған кезде жоламайтынмын. Жәй ғана жүктерін жинасып, көрсетіп көмектесіп жүретінмін. Менен үлкен әпкем бар, сол екеуміз жоламайтынбыз. Кейін тұрмысқа шыққаннан кейін ғана маған қыз ұзатуға рұқсат еткен.

Сосын бізде қара көйлек кимейтін. Қызды ұзатып жатқан кезде шешесі қара көйлек кимейтін. Қазір бастан аяқ қара көйлек киіп алып тұрады. Негізі ол қазақтың ырымында бар. Оны барлығы білуі керек. Мен қазір кімді нұсқап отырғанымды білмеймін, бірақ солай қыз ұзатып жүрген қыздар болса, құлақтарына алтын сырға. Бұл менің салтым емес, қазақтың салты.

— Ал, сізді тойға жиі шақырады ма?

— Мен қыз ұзатуға көп шықпаймын, бірақ асаба ретінде жиі шақырады. Асаба ретінде шығамын, бірақ тойдың басында бата сұраған кезде, әйел адам бата сұрамайды ғой. Мен сол дәстүрді ұстанамын, тойдың басында, той иесін шақырып: «Өзіңіз бата сұрап беріңіз» деп тойды ашқызып аламын. Әйел адам тойда бата сұрамайды, бата бермейді. Еркек отырған жерде әйел адам дауыстап құран оқымайды. Жеті жасар бала отырса да, әйел адам бата бермейді. Мен бұларды қазір біліп отырған жоқпын, бұны мен бала кезімнен білемін. Әжемдер мен шешемдер солай отыратын. Неге екенін қазір: «Мен қажылыққа барып келгенмін, қажы апамын» дейтін кісілерді жиі көзім шалады. Менің ойымша, оны айтудың қажеті жоқ. Ол мансап емес.

— Бата демекші, қазір жиі байқап жатамыз, бата сұраса орнына тілек айтып жататын үлкен кісілер көбейіп кетті…

— Айтып отырмын ғой, ақсақалдарымыздың ауыздарынан бата кетті, аналарымыздың бастарынан орамалдары кетті. Өзің диуана болған соң, кімге пір боласың? Жас келін мен балаға қандай үлгі көрсетіп отырсың? Жастары келген енелер, шаштарын қиып тастап, артық салмақтан қалай арыламын, толып кеттім деп өздерімен өздері әлек болып жүр. Қазіргі заманға сай ене болуды қалайды. Нәтижесінде оның тәрбиелеген ұрпағы да солай болып кетеді ғой. Атасымен бірге купальник киіп суға түсіп, тілек айтып, стақан соғыстырып ішіп жүргендер де бар. Бірақ, арақ деген жәймендеп кетіп жатыр ғой. Шүкір көп жерлерде халал той жасап жатады. Әйтеуір бірі келсе, бірінен жәймендеп құтылып жатырмыз. Оған да рақмет! Ол арағы мен қосылып, анаша деген шықты. Бұрын аяғы теңселіп тұрғанды арақтың иісінен білетін едік, енді тіпті танымаймыз. Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шығып жатыр.

— Елімізге белгілі бір продюсер: «Бүгінде жұрттың бәрі әншілерге тиісуге құмар. Тәрбиені де, басқаны да солардан көре береміз. Әнші байқұстың қолында билік бар ма?» деп өкпесін айтқан еді. Сіз бұл пікірге не дейсіз?

— Иә, солай, тіпті жасы жиырмаға да толмаған қыздар маған инстагарам парақшамда «тәлпіш қатын, кәрі қатын» деп жазып отырады. Мұндай қыздардың сөзінен шешелерін көремін. Кімнен туғаны көрініп тұрады. Шешелері қыздарының не жазып, не істеп жүргеніне қарамайды. Ондай қыздардың жанын шығару керек кой. Мен мысалға әлі күнге дейін қызымды тартып жіберемін. Қолынан, құйрығынан ұрамын, жас кезінде тіптен қатты ұстайтынмын. Басқа не істейсін, бұлттың арасымен олай да, бұлай да ұшып шаршап келіп отырған кезімде, еркелеп отырса салып қалатынмын. Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың. Тіпті кейде айдалада танымайтын біреулерден таяқ жеп келетінмін, ән айтып тұрған кездімде салып қалған, ұрып құлатқан кездері болған. Араққа тойып алған адамдарға кім білсін сенің қандай болып елестеп отырғаныңды. Одан қалды біреу келіп аузындағысын айта салады. Одан қалды жол, шаршайсың әйтеуір.

Жастардың арасында біртүрлі көзқарас қалыптасқан. Ұят та болса айтайын, дәретханада ұстап алып «суретке түсейік» дейді. «Шығайық бұл жер, дәретхана ғой, соншама деңгейің төмен ба?» десең, асығып тұрғанын айтады. Асықсаң кете бер, мен не істеймін деймін. Сосын кешке инстаграмда жазып отырады: «Сен шіріксің, сен осындайсын, сен сондайсын, сені сыйлап едім», — деп, оның маған сыйлағаны керек емес. Жастардың тағатсыздығына таң қаламын. Не деген асығыс, қайда бара жатыр?! Осы дүниенің бәрін ретке келтіруге болады ғой. Көш жүре түзеледі деген. Жастарымыз тарихты біліп, тілі мен ділін танып, білім мен мәдениетке құштар болса. Еліне, жанұясына, өзіне пайдалы дүниемен айналысса құба-құп болар еді. Біраз жасқа келген соң осының бәріне алаңдайсың, титтей де болса әпкелік, аналық ақылымызды айтып, жөн сілтесек дейміз.

Пікір қалдырыңыз