Ирина Ерофеева, тарихшы: Құрылтайдағы жиналыста Қанжығалы Бөгенбай емес, Табын Бөкенбай сөз сөйледі

Ирина Ерофеева қате жазылған деректі әшкере қылды. Оның сөзінше, Бөкенбай Қарабатырұлы — 18 ғасырда қалмақтарға қарсы соғыста қазақ халқын аман сақтап қалған қолбасшы.

Бүгін Қазақстан Ғылым академиясының жетекші ғылыми қызметкері, қазақ хандарының өмірбаянын зерттеуші Ирина Ерофеева Бөкенбай батырдың өмірі мен ерлігіне арналған «Рыцарь — звания чести» атты кітабын ақтөбеліктерге таныстырды.

«Бөкенбай Қарабатырұлы 1723-1731 жылдардағы ойрат-қазақ соғысында жеңістің негізін қалап кеткен ерте қазақ батырларының өкілі болып саналады. Үш жүздің басын қосу оңай емес. Бұл өте күрделі процесс болды. Қазақстанның кең даласы, жан-жаққа шашырап жатқан қазақ рулары мен тайпалары, жоңғар шапқышылығына қатысты әр түрлі пікірде болған адамдар: біреулері жеңіле салуға дайын болды, екіншілері жауға тойтарыс беру керектігі туралы айтты, үшіншілері қол қусырып отырды. Мұндай жағдайда бүкіл қазақ қоғамын біріктіру үшін жеке адамдардың энергиясы, намысы, батырлығы қажет болды. Сондай адамдардың бірі — Бөкенбай Қарабатырұлы», — деді Ирина Ерофеева.

Тарихшы Бөкенбайдың өмірбаянын зерттеуде қиындыққа тап болғанын айтты. Қазақтың ертедегі батырлары туралы жазбаша деректер тым аз екен. Тек 1726 жылдан бастап Бөкенбай батыр туралы жазбаша деректер кездеседі. Ирина Ерофеева көптеген тарихи құжаттарды зерттей келе, Бөкенбай батырдың ерлігін Бөгенбай батырға таңып қойған деген қорытындыға келді.

«Жоңғарға қарсы төтеп беру жайында талқылаған шешуші Құрылтайда Бөкенбай батырдың айтқан сөзі совет заманында жарияланды. Сол кезде Бұхар Қалқаманұлы, Үмбетей, Тәтіқара ақындарының туындылары да жарыққа шыға бастады. Сол шығармаларда Құрылтайда Бөкенбай батыр айтқан сөздің авторы ретінде Бөгенбай батырды жазып қойған», — деп түсіндірді Ирина Ерофеева.

Тарихшы тың деректерге сүйене отырып, 1710 жылы Арал теңізінің солтүстігінде өткен Қарақұм құрылтайында Орта жүз өкілінің болмағанын алға тартты. Ерофееваның сөзінше, 300 жыл бойы қате жазылып келген мәліметті дұрыстау керек.

Қамбар Мұқашев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз