Ақтөбелік әншілер студенттер гимніне айналған «Жұбановтар көшесі» әнінің шығу тарихын айтып берді

Халық арасында «Жұбановтар көшесі» аталып кеткен ән Ақтөбедегі үлкен шараларда үнемі орындалып келеді. Жергілікті арналар да клипін айналдырудан жалыққан емес. Дулат пен Рита Айтжановтар таяуда Ақтөбедегі Мұғалжар ауданы күндері қарсаңында тыңдармандарының құлағының құрышын қандырып орындап шықты.

Ағайынды Жұбановтар көшесінде өткен Көше мерекесінде өнерлі жұп Aktobenews.kz тілшісіне Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ студенттерінің гимніне айналған «Жұбановтар көшесі» әнінің шығу тарихын айтып берді.

«Рита екеуміз дарынды балалар мектеп-интернатын 1997 жылы тәмамдадық. Кейін мен Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінде оқыдым, ол Құдайберген Жұбанов атындағы университетіне құжаттарын тапсырды. Кейінгі буын қыз-жігіттерге арнап осы әнді жазу туралы ой келді. Қайда жүрсек те, барлығы Жұбановтар көшесінде апаратындай көрінді сол кезде. Жастық шағымыздың қызықты күндері сол ағайынды Жұбановтар көшесінде өтті ғой. Болашақта студенттер де осыны айтып жүрсін деген ойдан туындаған ән», — деді Дулат Айтжанов.

Әншінің айтуынша, әні өзінікі, сөзін жазған Орал Байсеңгір.

«Екі мыңыншы жыллдары осы әнге бейнеклип түсірілді. Клиптегі оқиға аты айтып тұрғандай Жұбановтар көшесі мен университет қабырғасында өрбиді. Әнді әлі күнге дейін студенттер орындап жүр. Сахнаға алып шықсақ деп сұрап хабарласып жатады. Әрине, қарсы емеспіз. Тек қуанамыз», — дейді Дулат пен Рита Айтжановтар.

Соңғы рет 2010 жылы шығармашылық концерт берген өнерлі отбасы аймақтағы шараларда өнер көрсетіп қояды. Барлық жерде өздерінің төлқұжаттарына айналған «Жұбановтар көшесі» әнін сұрайды.

«Негізі, әннің аты «Сағыныш сазы», бірақ көпшілік өзіне жақын «Жұбановтар көшесі» деп айтып кетті», — дейді Дулат Айтжанов.

Дулат бүгінде облыстық филармонияда еңбек етеді, Рита — педагогика саласында.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

1 пікір


  1. Мен де ең алғаш осы әнді «Жұбановатар көшесі» деп іздедім, Былтыр Жұбанов университетін бітірерде дуэт болып осы әнді орындадық. ))))))))))))) Бұл ән шынымен де ғұмырлы ән болары сөзсіз!

    Жауап беру

Пікір қалдырыңыз