Жайық Сұлтан, «Zerek» технопаркінің директоры: Біз өз жерімізде бар борды Қытайдан импорттап жатырмыз

Ақтөбеде талантты жас ғалымдар, олардың жетекшілері бар. Олар өндіріс қалдығын кәдеге жаратып, импортталатын құрылыс материалдарын жергілікті өніммен алмастыратын жобаларын ұсынып жүр. Бұл бағыт бойынша 12 өнертабыс патенті алынған. Бірақ, дайын өнімді нарыққа шығаруға қаржы тапшылығы қолбайлау.

Өндіріс орындары жергілікті табиғаттың қыр-сырын білетін өзіміздің ғалымдармен бірге жаңа іс бастаудан гөрі, шетелдің оқымыстыларын шақыруды жөн көреді. Кедергісі көп, жұмысы шектеусіз, нәтижесі уақыт күттіретін саланың дәл ортасында жүрген Жайық Сұлтан Aktobenews.kz тілшісіне Ақтөбедегі ғалымдар мен ғылымның дамуы туралы айтып берді.

Зерттеушілеріміз көп сөйлемейді, іс тындырады. Күні-түні ізденіп, әлемнің үздіктерін оқып, өзгелерден үлгі алып, өз жобасын үздіксіз тәжірибеден өткізіп, нәтижеге қол жеткізу жолында түрлі тәуекелге баратындар ғалымдар Ақтөбеде бар.

Қазіргі кезде оларды Жас ғалымдар кеңесінің қоры мен «Zerek» технопаркі біріктіреді, қолдайды. Техника, жаратылыстану саласында оқып, өндірісте жұмыс істейтін жастар дәл осы ұйымның көмегімен ойға алған істі бастады.

Облыста жас ғалымдар арасында байқау өтті, алғашқы грант иегерлері анықталды. Кейбірі жобаны іске асырып, кәсібін бастаған. Мәселен, Азамат Киреев қашықтан оқыту әдістемесін іске қосты. Ал, Жұмагүл Мақашева Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінінен ғылыми орталық ашып жатыр.

Жас ғалым Марат Қабылов тұрғын үй құрылыс-коммуналдық шаруашылығы бағытындағы заманауи еңбегін қазан айында тәжірибеден өткізеді. Нұргүл Жантурина және оның ғылыми ұжымы шетелдік ғылыми журналдарға мақалалар жариялады. Бұл ғылымға бет қойған, нағыз еңбек адамының қолынан келетін іс.

Ғалымдардың шағын жұмыстарын қолдаса, үлкен мәселелердің шешімі жергілікті жерде табуға болады. Мәселен, қарапайым бор. Мектеп борды шетелден тасиды. Ал, бұл химиялық элемент Ақтөбенің бірнеше ауданында бар, қоры мол.

Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері «Zerek» технопаркінің ғалымдарымен бірлесіп, техногенді қалдықтарды іске асыру жобасын дайындады. Жоба жетекшісі – физика-математика ғылымдарының кандидаты Аят Қайрақбаев.

«Техногенді қалдықты іске асыру жобасы бойынша оннан астам патент алынды. Ақтөбе жылу электр орталығынан қалған күлді сараптамадан өткізіп, құрамдас бөліктерді қосып, сапалы кірпіш шығарамыз. Кәсіпорын күлден арылғысы келеді, ал кірпіш шығаруға материал керек керек. Олар қалдықты тегін беруге дайын. Біз келісімге келеміз», — дейді жас ғалым.

Сонымен қатар, жобаны іске асыру үшін кірпіш шығаратын шағын зауытпен келісім жасалыпты. Жұмысты сол жерде басталады. Кірпіштен тұрғын үй, өнеркәсіп ғимараттарын салуға болады. Оған қажетті диатомит кені анықталды. Бұл кірпіш дайындауға қажетті қоспа.

«Ақтөбе жерінде бор да бар. Бор Ойыл, Алға, Мәртөк жерлерінде жатыр. Ал біз өз жерімізде бар борды Қытайдан импорттап жатырмыз»,- деді «Zerek» технопаркінің директоры Жайық Сұлтан.

Әктас құрылыс кезінде де кәдеге асады. Алдағы уақытта ғалымдар борды өндіру, өңдеу жобасына патент алуды жоспарлап отыр. Ал, күл мен диатомиттен жасалған кірпіштің алғашқы үлгісі алынып, сынамадан өтті.
Ғалымдар шаруашылыққа қажетті жаңа құралдардың үлгісін жасап шығарған. Олардың арасында өрт сөндіру құралы да бар. Бұл, әсіресе, дала өрті кезінде өте пайдалы, тиімді. Жоба авторы — «Zerek» технопаркінің қызметкері Құрманбаев Әмидолла.

Жаңа құрал 2-3 метр қашықтықта тұрып жердің құмын шашып, өртті сөндіруге мүмкіндік береді. Бұл құралдың патенті бар, енді паспорты мен сертифакаты рәсімделеді.

Ғалымдар теміржол бойында қар тоқтату әдісін де ұсынды. Олар түрлі сусыннан қалған пластик ыдыстардан бөгет дайындауды ұсынып отыр. Балшыққа батқан көліктің тез шығуына көмектесетін құрал да технопарк ұжымының еншісінде. Желден қуат алатын шнек тектес ротері бар жел агрегатын да ақтөбелік ғалымдар әзірледі.

«Ақтөбеде 40-қа жуық жас ғалым бар. Олар өндіріс орындарында жұмыс істейді, жоғары, арнаулы оқу орындарында білім алады. Біз ешкімге шектеу қоймаймыз, келген ізденушілерге көмектесеміз. Таяуда авторлық меншік бойынша семинарлар мен тренингтер өткізу жоспары бар. Ол семинарда сондай-ақ гранттарды алу, ғылыми жобаны рәсімдеу, зерттеу нәтижелерін жариялау үйретіледі. Сонымен қатар, технопарк Томсон Рейтерс мәліметтер базасына кіріп, қажетті ақпаратты алуға, танысуға мүмкіндік береді. Бұл кез келгеннің қолы жете бермейтін мол мағлұмат ортасы. Сонымен қатар, таяуда Ақтөбе хром қосындылары зауыты, Дөң кен байыту зауыты мен АЙС сүт фермасына экскурсия жасалады. Студенттер мен магистранттар барып, өндірістегі жұмыспен таныса алады»,- деді Жайық Сұлтан.

«Біздің ғалымдарымыз өз-өзін жарнамаламайды, қолға алған жобасымен айналысады, әрдайым ізденіс үстінде. Бір айтарым, жергілікті проблеманы біздің мамандар ғана жақсы біледі. Тек олардың біліктілігін көтеріп, талдау, сараптау, тәжірибеден өткізу құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Ғылым ауқымды қаражатты қажет етеді»,- дейді Жайық Сұлтан.

Қазіргі кезде «Zerek» технопаркінің ұжымы мен жас ғалымдар бірлесіп республикалық гранттарға үш жоба ұсынуда. Әзірге ақтөбелік ғалымдар үшін ғылымды дамытудың негізгі жолы мемлекеттік грантқа қол жеткізу болып отыр.

Алтынай Сағындықова, Aktobenews.kz

One thought on “Жайық Сұлтан, «Zerek» технопаркінің директоры: Біз өз жерімізде бар борды Қытайдан импорттап жатырмыз

  • 18.09.2017 at 11:59
    Permalink

    ондай шаруаны әзіргі бйлік көрмеиді көрседе көрмегендеи болады оларға қазақ тар байыса. Бастаына пәле болады деп ойлайды, қытайдан алса ешкімнің басы ауырмайды ешкі ештеңеге жауап бермеиді.

    Reply

Пікір қалдырыңыз