Ақтөбе облысында ешкі, қоян және бал арасын өсіруге несие алуға болады

Ақтөбе облысында дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы түрлерімен айналысамын деушілерге де несие беріледі, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі. Ауыл шаруашылығын қорғау қоры филиалының дирекnоры Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, бүгінде кез келген бағдарлама ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдауға бағытталған.

«Бұрын несие тек ет немесе сүт өндірушілерге беріліп келсе, ендігі жолы ауыл шаруашылығының аралас немесе дәстүрлі емес түрлеріне де рәсімдеуге болады. Қоян, ешкі, бал арасын өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы кооперативтері несие ала алады», — дейді ол.

Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруда Ақтөбе облысы көш бастап келеді.

«Бүгінде өңірде 165 кооператив тіркелсе, оның 65-і несие рәсімдеуге өтініш білдірді. Осы 65 кооперативтің 25-і ауыл шаруашылығы кооперативі, яғни заңды тұлға ретінде несие алды. Қалғандары кооператив мүшелері ретінде несие рәсімдеді», — дейді ол.

Филиал директорының хабарлауынша, Қарғалы, Мәртөк аудандарындағы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 40 миллион көлемінде қаржы берілген. Сонымен бірге, кооперативтерге берілетін бір басымдық — сүт таситын көлік, сүт сақтау орны, мал сою бекеттеріне қажетті ауыл шаруашылығы техникалары 50 пайызға дейін субсидияланады. Оның үстіне, тек осы техникалар кепілге алынады.

Мұхит Әлжан, Aktobenews.kz

 

Пікір қалдырыңыз