Ақтөбе облыстық білім басқармасы: «Аймақта демографиялық жағдай жақсарып, оқушы контингенті артып келеді»

Бүгін Актөбе облысының мектептерінде 2016-2017 оқу жылы аяқталуына арналған салтанатты жиындары өтті.  Өңірдегі 432 білім беру ұйымдарында білім алған 131 мыңнан астам шәкірт оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 6582 түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқалы тұр. 444 түлек «Алтын белгі» аттестатынан үміткер.

фото: Аймұрат Дәрібай

Облыстық білім басқармасынан хабарлағандай, осы жылы Ұлттық бірыңғай тест тапсыру форматы өзгертіліп, түлектерге екі кезеңде емтихан тапсыру мүмкіндігі жасалды. 12733 оқушы бастауыш сыныпты аяқтап орта буынға көшті. Ал 1 сыныпта білім алған 15502 оқушы Елбасы тапсырмасымен енгізілген 12 жылдық білім беру жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алды. Бес күндік оқу жүйесін алғашқы болып бастады. Келесі оқу жылында жаңа бағдарламамен 1, 2, 5, 7-сынып оқушылары оқитын болады.

Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова  түлектерді мектеп бітірулерімен құттықтап, үлкен өмірге басқалы жатқан қадамдарына ақ жол тіледі.

«Қандай мемлекет болмасын оның келешегі білім беру саласына, соның ішінде өсіп келе жатқан жас ұрпағының білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Еліміздің жарқын болашағын көздеген Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев қай уақытта да жастардың уақыт талабына сай білім алуына ерекше мән беретінін біз жақсы білеміз. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған адам капитал сапасын жақсартуда білім беру жүйесі үшін маңызды міндеттерді айқындады. Білім берген шәкірттерінің еліміз үшін маңызды орны бар азамат болып ержетуін тілеймін», – деді Сәуле Өмірбекова.

Ақтөбе облысында соңғы жылдары демографиялық жағдай жақсарып, оқушы контингенті жыл сайын артып келеді. Осы оқушыларды жаңа мектеппен қамтамасыз ету үшін жыл сайын еліміздің барлық өңірінде жаңа білім ғимараттарының құрылысы салынып пайдалануға берілуде. Өткен жылы облыс бойынша 4,7 млрд. тенгеге 5500 орынға 13 білім нысанының құрылысы салынып, оның 8-і пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы  8540 орынға тағы 20 мектеп құрылысы салынуда.

Пікір қалдырыңыз