Бердібек Сапарбаев су басқан саяжай тұрғындарының мұңына құлақ асты

20170418_114240(1)
фото: Асқар Ақтілеу

Еңбек демалысынан оралуға мәжбүр болған Бердібек Сапарбавев бүгін Ақтөбеге келе салысымен Махамбет ауылын аралауға кірісті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Әкім келерден бұрын аталған ауыл тұрғындары құзырлы орындарға өкпелі екендіктерін жеткізді. Олардың пайымынша, бірнеше күннен бері тек суретке түсіріп жүрген әкімдік пен құзырлы басқарма қызметкерлері тек есеп үшін жұмыс істеп келеді.

«Біз саяжайда еріккеннен тұрып жатқан жоқпыз ғой. Ауылдан келіп, осында жер алып, үй тұрғыздық. Қанша уақытымыз кетті. Ал, енді бір күнде еңбегіміз еш кетті. Бұрын да әкімдер келіп жүретін. Айтатындары бір сөз. Ешқандай нәтиже жоқ. Ертең өз мәселемізбен өзіміз қаламыз. Бізге ешкімнің көмек көрсеткісі келіп жатқан жоқ», — деді тұрғындар бір ауыздан.

20170418_120130

Өз кезегінде, Махамбет ауылына келген Сапарбаев табиғаттың тосын сыйына ешкімнің дайын болмағанын, мұндай жағдай тек Ақтөбеде емес, өзге өңірлерде де болып жатқанын алға тартты.

«Арнайы комиссия құрылды. Су кеткен соң олар үй-үйді аралап, жағдаймен танысады, шығынды анықтайды. Көмек міндетті түрде көрсетіледі. Уәде беремін. Алайда, уәденің өзі заң аясында. Алдымен, баспаналарыңыздың заңдастырылғанына мән береміз. Ал, егер заңсыз салынған үйлер болса, олар да көмексіз қалмайды. Демеуші  тауып көмектесеміз», — деді облыс басшысы.

Әкім бастаған топ судан зардап шеккен отбасылар орналасқан №40 мектепке бас сұқты. Ондағы жағдаймен танысқан ол тұрғындарға мән-жайды тарқатып түсіндіріп берді.

«Күніне үш мезгіл тамақ беріледі. Қол үшін созып жатқандар көп.Бүгін таңертең Бағдат есімді кәсіпкер хабарласып жағдайы жасалған жатақханадан 40 орын дайындап қойғанын жеткізді. Хостелдер хабарласып, көмектесіп жатыр. Тұрғындар күнделікті қажетті заттарды тапсырып жатыр. Барлығының есебін жүргізіп отырмыз. Тіпті, арнайы қойма әзірлеп жатырмыз. Ауысқан затты кейін де үлестіріп отырмақпыз», — деді қала әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева.

20170418_122957

Бердібек Сапарбаев Шығыс базары маңындағы саяжайларды қарап шықты. Қарғалы өзенінің арнасын көрді. сонымен бірге, су қоймаларын аралап шықты.

«Сырттан келіп жатқан су көп. Әуеден бақылап шықтық.Барлығы қатаң бақыланып отыр», — деді облыс әкімі.

Мұхит Әлжан, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз