Әке-шешесі жол апатынан көз жұмған жетім балаларға баспана керек

Қайын сіңлісінің екі баласын бауырына басып, тәрбиелеп өсірген Жұлдызай Дайырбекова көмек сұрайды. Қарияның «Жетім өскен екі балаға үкімет баспана берсе екен» деген тілегі бар.
«Өзімнің балаларыммен қосып, екі жетім баланы тәрбиеледім. Күйеуімнің қарындасының балалары. Оларды қаңғытып жібере алмадым. Әкесі де, шешесі де жол апатынан қайтыс болды. Балалар бізге 2-3 класс оқып жүргендерінде келді. Бірінші жол апатынан әкелері кетті. Жағдайлары қиындап кеткен соң шешелерімен екі бала біздің қолымызға келіп тұрды. Сол кезде шешесі екі балаға 5000 теңге ғана жәрдемақы алды. Әкесінің артынан 10 жылдан кейін шешесі де кетті. Ол да жол апатынан көз жұмды. Балалар бізді ата-әже деп өсті», — дейді Жұлдызай Дайрбекова.
Аға –жеңгесі екі баланы өсіріп, оқытып, жұмысқа да орналастырады. Қазір қыз 25 жасқа , ұл 22-ге толған. 2010 жылдан баспана кезегінде тұр.
«Шамамыздың келгенінше екі баланы да оқыттық. Қыз гуманитарлық колледжді бітіріп, кітапханада жұмыс жасайды. Ұлды көп салалы колледжге түсірдік. Оның басшыларына ризамын, баланың жағдайын айтып, әке-шешесінің жоқтығын, балаға мамандық керектігін айтып барғанымда жұмысқа алып, сонда сырттай оқып жатыр. Ол да біреудің жалғыз баласы. Өзіміз бар кезде аяқтандырғымыз келеді», — дейді қария.
Жұлдызай Дайрбекова балалардың жағдайын айтып, облыс әкімімен кездесуді қалайды.
«Мен облыс әкімінен осы балаларға көмек сұраймын. Маған сол кісінің бір ауыз сөзі жетеді. Биыл мұқтаж адамдарға үй береді дегенді естідім. Балалардың жастары келіп қалды, ілігіп кетсе екен дейміз. Екі бала да мемлекеттік қызметте жүр», — дейді Жұлдызай Дайырбекова.

Ардан СЕРДАЛЫ

Пікір қалдырыңыз