Қала әкімінің есебінде зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесін көтерді

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жылды қорытындылап есеп берді. Есеп соңында әкімге сұрақ қоямын деушілер көп болды. Еңбек ардагерлері бұрынғыдай қоғамдық көліктерде тегін жүруді қайта әкелуді сұрады.

«Қалада еңбек ардагерлері көп, осыларға қамқорлық азайып кетті. Қарапайым автобуста тегін жүру мәселесі қиын болып тұр. Зейнеткерлердің автобуста тегін жүруі қайта қалпына келу керек. Салықты уақытында төлеп отырмыз. Зейнеткерлер ақшасына қарайтындай соншама мүшкіл ме едік?! Дәріге, азық-түлікке жұмсап отырған біздерге автобустың өзі қалта қағады»-деді қала тұрғыны Арыстан Аймағанбет.

«Қамқорлық туралы айтқан ұсынысыңыз орынды. Жолаушылар көлігі мекемесінің бағаны көтеруге қатысты ұсынысымен келісіп отырған жоқпыз. Зейнеткерлердің тегін жүруі осыған дейін болған, оның құны сол уақытта 328 млн. теңге болды. Кейін осы ақшаны әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға біркелкі жәрдемақыға таратып жібердік. Оның ішінде зейнеткерлер де, нашар тұратын отбасылар да, көпбалалалы аналар да бар. Қазір біз есепті дұрыстауымыз керек. Автобуспен жүретін зейнеткерлердің ақшасын төлеп беруіміз керек. Әрі қарай шешім қабылданады. Жаңа салық төлеп жатырмыз дедіңіз, ол рас. Бірақ қазіргі таңда бізде14 миллиард 800 миллион теңге салықтан жиналмай жатқан ақша бар»,-деді қала әкімі.

Ардан Сердалы

Пікір қалдырыңыз