Оқушылар ата-анасының жұмысымен танысады

Облыстық білім басқармасының бастамасымен мектеп оқушыларының арасында шағын саяхат ұйымдастыру қолға алынды. Мекемелерге қызметкерлердің балалары шақырылып, жұмыс барысымен таныстырылады. Бұл балалардың әртүрлі мамандықтар туралы білуге және өзара танысуға көмектеседі.

«Акцияны өзімізден, мұғалімдердің білімін жетілдіруге арналған орталықтан бастадық. Басқа мектептер мен мекемелерге үлгі болсын деп, бастама жасалынды. Бұл шара арқылы балалар ата-анасының жұмысымен танысады. «Мамаң мына жерде отырады, мынадай жұмыстар жасайды» — деп түсіндіріледі. «Ақтөбе ұстазы» газетін шығарып отырған сенің атаң деп қызметкердің немересін алып келдік. Бір сағаттың ішінде жұмыс орнымен танысу болып, балалар тақпақ айтады, өнерлерін көрсетеді», — дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметкері Жанна Әбділдаева.

Алғашқы акцияға ғылыми орталық мамандарының балалары мен немерелері шақырылған. Білім басқармасы эстафетаны әрі қарай жалғастыруды көздеп отыр.
«Шара өткен аптада басталды. Апта соңында ұйымдастырылған кездесу балаларға да, ата-аналарға ұнады. Осы аптада шараны жалғастыруды көздеп отырмыз», — деді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз