Қанат Әлиев: Күндіз жиналысқа қатысамын, түнде жұмысқа барамын

Ақтөбеліктерге жеке телефонын таратқан жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Әлиев депутаттардың алдында өзінің жеке басына қатысты мәселені де көтерді. Басшы жиналыстың көптігінен түннің екінші жартысында жұмыс жасап жүргенін айтты.

— Жұмыс уақытының көп бөлігі жиналыстарға қатысумен өтеді. Келген хаттарды қарап, оған жауап беру керек. Қызметкерлер жұмысын бақылау түнде жұмысқа барамын, — деді жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Әлиев.
Жергілікті қызметтегі полиция басшысы заң бұзатын әріптестерінің де барын жоққа шығарған жоқ. Өткен жылы 16 полиция қызметкеріне қатысты 14 қылмыстық іс қозғалған. Жетеуі сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Әр қылмыстық іс бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, басшылар тәртіптік жазаға тартылған.
Барлық тұрғындарға жеке нөмірін таратқан Қанат Әлиев түнде де қоңырауға жауап беріп отыратынын айтты.
— Телефон қоңырауымен 115 сұрақ түсті. Олардың дені жеке сұрақтар. Қоңырау күндіз де, түнде де түседі. Жауап бере алмай қалып жатсам, өзім қайтара хабарласамын. Ақпарат көп түскен кезде қиындық болады. Көмектеспесең ренжитіндер бар. Жеке нөмірді тұрғындармен байланыс жасау үшін бердім. Полиция қызметкерлерінің үстінен де шағым жасайтындар бар. Оның барлығын тексеру кезінде анықтайтын боламыз, — дейді Қанат Әлиев.
Жеке бюджетінің жоқ екенін айтқан жергілікті полиция қызметінің басшысы мүмкіндіктерінің де шектеулі екенін жеткізді.

Ардан СЕРДАЛЫ

Пікір қалдырыңыз