Ақтөбеде діни көзқарасты ұстанатын 2308 отбасы бақылауда тұр

Ақтөбе облысының аумағында өткен жылы 16 188 қылмыстық іс тіркелген. Бұл салыстырмалы түрде 6,9 пайызға төмендегенін хабарлады жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Әлиев.
— Қабылдаған шаралар нәтижесінде қылмыстың кейбір түрлерін елеулі түрде төмендеттік. Зорлық-зомбылық 30 пайызға төмендесе, оның ашылуы 87,5 пайызды құрап тұр. Тонау 16 пайызға, бұзақылық 42 пайызға, алаяқтық 9 пайызға, жол-көлік оқиғасы 15,8 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыс 15 пайызға төмендегенін көруге болады. Облыстағы барлық қылмыстық жағдай бақылауда, — дейді жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Әлиев.
2016 жылы жергілік полиция қызметінің күшімен облыста 1300-ден аса қылмыстың беті ашылған. Мәслихат депутаттарының алдында баяндама жасаған Қанат Әлиев өңірдегі діни ахуалдың да үнемі бақылауда болатынын айтты.
— Полиция қызметкерлері діни жағдайды да бақылап отыр. Соның ішінде діни көзқарастағы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалармен жұмыс жасалынады. Өңірде діни ағымдағы 2308 отбасы бар. Бұл отбасыларда 1734 кәмелеттік жасқа толмаған бала тәрбиеленіп жатыр. Оның 535-і мектепте, 24 бала колледжде, 1175 мектепке дейінгі ұйымдарда. Учаскелік полиция қызметкерлері білім ордаларымен де бірлесіп жұмыс жасап жатыр. Олардың әрқайсысына жеке іс қағазы ашылып, бір полиция қызметкері бекітілген, —дейді Қанат Әлиев.

Ардан СЕРДАЛЫ

Пікір қалдырыңыз