Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл үйлер салынады

Биыл Ақтөбеде «Нұрлы жер» мемелкеттік бағдарламасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Ақтөбе пилоттық жобаны бірінші болып орындайтын болады. Бұл туралы бүгін «Ақтөбе-ақпарат» орталығында өткен брифингте қала әкімінің бірінші орынбасары Жандос Байырханов мәлімдеді.

— Біздің қаламыз «Нұрлы жер» бағдарламасын бірінші болып қолға алмақ. Осыған сәйкес, қазір «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында бірінші және сегізінші кварталдарында тұрғын үй салуға құжаттарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағдарлама арқылы біз кезекте тұрған тұрғындарды жер телімімен және пәтермен қамтып, кезекті азайтуымыз керек, — деді Ж.Байырханов.
Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе» ауданында үш-төрт қабатты тұрғын үйлер және жеке үйлер салынатын болады. Ол тұрғындарға «Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ банкі» арқылы беріледі. Ендігі мәселе үйлер салынатын жерлерге инженерлік-инфрақұрылымдық желілер тартуды жеделдету. Бұл жұмыстар да өткен жылы басталыпты.

Н.ЖАМАЛОВА.

Пікір қалдырыңыз