Бердібек Сапарбаев: компания басшыларына өндірісті жаңғырту міндеттеледі

Өнеркәсіп өндірісі көлемі 1 трлн 200 млрд теңгені құрады. Бұл — дағдарыс кезінде жаман көрсеткіш емес. Осы жылы да қарқынды баяулатпай, әлемдік экономиканың тұрақтылығын ескере отыра жұмыс жасап, 2016 жылғы көрсеткіштен төмендемеуіміз қажет. Біздің ендігі жұмысымыз Президенттің халыққа жолдаған кезекті Жолдауындағы нұсқаулары мен тапсырмаларын орындауға бағытталуы керек. «Стройдеталь» кәсіпорнында өткен жиында облыс әкімі Б.Сапарбаев осылай деді.

Жиын өңірдегі өнеркәсіп саласындағы міндеттерді жүзеге асыру қорытындылары, бизнестің, мемлекеттік-жеке меншік серіктестігінің дамуы мәселесі қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың айтуынша, әлемдік экономиканың құлдырауы мен облыстағы негізгі экспорттық тауарлар бағасының төмендеуіне қарамастан, соңғы үш жылда өңірдегі өнеркәсіптік өндіріс саласының өсімі — серпінді.
— Еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің өсім көрсеткіші бойынша облысымыз соңғы 22 жылда бірінші орынға ие болды. Өсім 115,8%, яғни 355 млрд теңгені құрад, — деді Қ.Бекенов.
Облыс әкімінің орынбасары өңірдің осы жылы алдына қойған мақсаты – экономиканы көтеру үшін геологиялық барлауды дамытудың есебінен қор көздерін іздестіру екендігін айтты. 2016 жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен 688 млрд теңге бөлінсе, 2017 жылға шетелдік инвестицияны санамағанда 1,7 млрд-тан астам теңге бөлініп қойды.

Пікір қалдырыңыз