Теракт оқиғасына қатысты жауапқа тартылған полицейлердің жақындары наразылық танытты

Бүгін таңертең облыстық прокуратураның алдына бір топ адам жиналды. Олар Ақтөбедегі жергілікті полиция басшысы Мақсат Шляшев пен оның орынбасары Ермек Шоқановтың үстінен бас прокуратура қозғаған қылмыстық тергеуге наразы. Полиция қызметкерлерінің жазықсыз екенін айтып, олардың туыстары мен әріптестері құзырлы мекеме алдында көмек сұрап жүр.

 

Бас прокуратура жергілікті полиция басшыларын маусым айында болған лаңкестердің  қарулы шабуыл кезінде қызметіне сай әрекет таныта алмағаны үшін айыптаған болатын. Істі болған полиция басшыларының жақындары жанайқайын айтып, көмек сұрады.

— Мен үшінші балама жүктімін. Жолдасым ешкімге зиян келтірген жоқ. Ол өз қызметін адал жасады. Оның үстінен іс қозғап, соттағандары әділетсіз. Дүниесін тәркілемек, алсын! Маған дүние емес, жолдасымның амандығы керек. Нисиемен отырған адамбыз. Енді қалай күн көреміз? Халықты қорғаған полиция қызметкерлерін  осылай жауып тастаса не болғанымыз? Бізге кім көмектеседі,-дейді Сандуғаш Шляшева.

Прокуратураның алдына зейнеттегі полиция қызметкерлері де жиналған. Олар қара жұмыста жүрген әріптестерінің жазықсыз жазаланғанын қаламайтынын айтты.

— Бұл жасап отырғандары дұрыс емес. Осылай жалғаса берсе бұл салаға ешкім бармайтын болады,-дейді зейнеттегі полиция қызметкері  Қанат Нұрғалиев.

Ардан Сердалы

Пікір қалдырыңыз