Облыстық спорт басқармасы 320 миллион теңгені игермеген

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өңір басшысының қатаң сынына ілікті. Ақтөбе облысы бюджеттің кіріс бөлігін 106 пайызға орындаған. Ал шығыс бөлігі 99,5 пайызға орындалған. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді. Өңір басшысының төрағалығымен өткен кеңесте 2016 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы шығарылды деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Кеңес барысында Бердібек Сапарбаев басқарма басшыларына өткен жылы бөлінген қаржыны игермегендері үшін жауапты екендерін айтып, жеке жауапкершіліктері қаралатынын ескертті. Әсіресе, 320 миллион теңгеге жуық қаржыны игермеген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмысы қатаң сыналды.

Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін әлсіретіп алған кейбір аудан әкімдері де облыс әкімінің қаһарына ілікті. Олардың да мәселесі «май шаммен қаралатын» болды.
— Бюджеттің орындалуына келсек, жалпы облыс бойынша бюджеттің кіріс жағы 106 пайызға орындалды. Бірақ, Хромтау менен Темір ауданы орындаған жоқ. Сондай-ақ, негізгі көрсеткіштер жөнінен кейбір аудандар берген тапсырмаларды толық орындаған жоқ. Ол мынау Байғанин ауданы, Темір, Мұғалжар, Әйтеке би аудандары. Енді бұны біз қаңтардың 15 мен 20 аралығында өтетін кеңейтілген әкімшілік отырыс өткізіп, қарайтын боламыз, — дейді Б.Сапарбаев.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз